Гонконгте 25 тамызда наразылық шеруін тарату кезінде полиция алғаш рет қарудан оқ атты деп жазады France Press. Агенттіктің хабарлауынша, полиция қызметкерлерінің бірі тапаншадан атқан. Зардап шеккендер туралы әзірге ақпарат түскен жоқ.
Жексенбі күні Гонконгте үкіметке қарсы кезекті шеруге шыққандар жолын бөгеген полициямен қақтығысқан. Биліктің хабарлауынша, 29 адам ұсталған. Наразылар полицияға тас пен жанармай құйылған бөтелкелер лақтырған. Полиция шеруді тарату үшін көзден жас ағызатын газ бен су шашып, резеңке оқ қолданған.
Гонконгте жаппай наразылықтың жалғасып жатқанына екі айдан асты. Әуелде наразылыққа қылмыстық іс бойынша күдікке ілінгендерді Қытайға экстрадициялау туралы заң жобасы себеп болған еді. Билік наразылардың талабын орындап, даулы жобаны қараудан бас тартқан. Бірақ Гонконг тұрғындары шеруді тоқтатпай, Пекиннің өктемдігіне қарсылық акцияларын жалғастырған.
Шеруге қатысушылар Қытайдың арнайы қызметі кейін оларды саяси қуғын-сүргінге салу үшін көшеге бейнекамералар орнатып жатыр деп санайды. Жексенбідегі наразылық акциясына қатысушылар көшедегі әлгіндей камера орнатылған бірнеше бағанды құлатқан.
Дереккөз: Азаттық радиосы