Атырау, 24 қараша 11:02
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Бизнес ойыны арқылы іскерлік қабілеттің бар-жоғын білуге болады

4 127 просмотра
Амангелді ИМАНОВ

Оқу жылы басталғанда орта білім беретін мектептердің 10-сынып оқушылары, колледждер мен ЖОО студенттері өз ісін жүргізудің әліппесін үйренеді – оқу бағдарламасына «Кәсіпкерлік негіздері» деп аталатын жаңа пән енгізілген.

- «Атамекен» ҚР ҰКП Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, жаңа элективті «Кәсіпкерлік негіздері» пәнін білім беру бағдарламасына енгізу туралы бастама көтерді. Алдымен елордада бизнес-жаттықтырушылар оқытылды. Олар қазір аймақтардағы мұғалімдерге білім беруде. Жалпы, облысымызда 60 мектеп мұғалімі, 28 колледж және 33 жоғары оқу орнының оқытушылары оқытылады. Курстар екі топта өтеді, біріншісі - 19-29 тамызда, екіншісі - 2-12 қыркүйек аралығында, барлығы 80 академиялық сағат, - деді Атырау облыстық Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Амангелді ИМАНОВ.

Айтпақшы, жаңа пән үшін мұғалімдер іріктеу кезінде экономика, құқық, менеджмент және гуманитарлық пәндердің оқытушыларына таңдау түскен.

20 жылдық тәжірибесі бар педагог, қазіргі уақытта курстан өтіп жатқан Майра ДӘРІСҚАЛИЕВА жаңа пәнді қажет деп есептейді.


- Қазір көп адамдар кәсіпкерлікпен, бизнеспен айналысуды армандайды. Енді мұны мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында үйрететіні жақсы болды. Бағдарлама оңай әрі түсінікті жасалған. Пәннің оқушыларыма ұнайтынына сенімдімін.

Педагогтарды даярлау үш білім беру нысанында ұйымдастырылған. Барлығы 4 бизнес-жаттықтырушы жұмыс істейді. Жаттықтырушы Арман ШЫМБАЕВТЫҢ айтуынша, олар материалды үйретпейді, мектеп оқушылары мен студенттердің бағдарламаны жақсы игеріп кетуіне көмектесетін құралдар ұсынады екен.

- Біз педагогтарды геймофикация, яғни, ойындар, түрлі кейстер, ми шабуылы, параллель тапсырмалар, рөлдік және іскерлік ойындар сияқты құралдарды қолдана отырып, сабақ жүргізуге үйретеміз. Осының көмегімен студенттердің оқу процесіне толық қатысуына қол жеткіземіз. Тәжірибе көрсеткендей, оқытудың бұл әдісі оқушыны қызықтырады, тіпті құмар қылады, оқушы шаршамайды, мұның бәрі сайып келгенде оң нәтиже береді.

Келесі жылдан бастап пән 11-сыныптарды оқыту бағдарламасына да енгізілетін болады. Жалпы білім беру бағдарламасындағы жаңа элективті пәнге 36 факультативті сағат бөлінген.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы ұсынған суреттер

23 тамыз 2019, 11:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.