Атырау, 24 қараша 10:23
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Драма театрдағы өрт 4 жарым сағатта өшірілді

3 230 просмотра


Драма театрдағы өрттен кейін Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен қалалық төтенше жағдайлар басқармасы журналистер үшін брифинг өткізді.

ТЖД бастығының орынбасары Рашид БЛЯЛОВТЫҢ айтуынша, 101 диспетчерлік қызметіне қоңырау сағат 13.30-да түскен. Ал 13 минуттан кейін, сағат 13:43-те оқиға орнына өрт сөндірушілер барған.

- Өрт сағат 17.21-де ауыздықталып, сағат 18.18-де толықтай өшірілді. Театр ғимараты 1975 жылы салынған, қабырғалары панель мен кірпіштен қаланған, 5 қабатты, ең жоғарғы биіктігі - 19 метр. Ғимараттың жалпы ауданы 6415 ш.м. Өртті сөндіруге 21 техника, 88 жеке құрам жұмылдырылды. 1500-1800 шаршы метр аумақтағы шатыр жанып кетті. Театр қызметкерлерінің айтуынша, екінші қабаттағы электр қалқаны өрттің тұтануына себеп болған.

Блялов түсіндіргендей, шатырдың күрделі құрылымы өрт сөндірушілердің жұмысына кедергі келтірген. Ал жел өртті күшейткен. Қазір өртке қатысты барлық мән-жайды анықтау үшін оқиға орнында инспекторлық құрам жұмыс істеуде. Өрт-техникалық сараптама тағайындалады.

- Қоңырау түскен кезде біздің 3 техникамыз қаланың ескі бөлігіндегі өртті сөндіріп жатқан еді. Олар драма театрына бірінші болып жетті. Басқа экипаждар да тез келді, қосымша су жеткізу ұйымдастырылды. Зардап шеккендер мен құрбандар жоқ. Эвакуация жасалмады, өрт сөндіру қызметі келгенге дейін қызметкерлер театр ғимаратынан өз беттерімен шыққан.

Қалалық ТЖ басқармасының басшысы Нұрлан ЖАҢАБАЕВ 2017 жылдың қараша айында театр ғимаратына өрт-техникалық тексеру жүргізгендерін мәлімдеді.

- Тексеру нәтижелері бойынша заң бұзушылықтар анықталып, оларды жою бойынша ұсыныстар берілді. Келесі тексеру 2018 жылдың сәуір айында өткізілуі керек еді, алайда театрдың күрделі жөнделуіне байланысты ол жүргізілмеді. Сондықтан біз тексеруді осы жылдың қыркүйек айына жоспарладық, 5 тамызда біз басшылыққа хабарлама жібердік.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

23 тамыз 2019, 10:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.