Ресейлік "Мемориал" құқық қорғау ұйымы "терроризмді қаржыландырды" деген айып тағылған дағыстандық "Черновик" басылымының журналисі Абдулмумин Гаджиевті саяси тұтқын деп таныды. Құқық қорғаушылар Гаджиевті қамаудан дерек босатуды талап етіп отыр деп жазылған "Мемориал" сайтындағы ақпаратта.
Ресей құқық органдары Абдулмумин Гаджиевті биыл маусымның 14-і күні ұстаған. Оған бұлтартпау шарасын белгілеу жөніндегі сот отырысы жабық өткен. Тергеушілер Гаджиевтің кінәлі екенін басқа күдіктілер растады деп мәлімдегенімен журналиске тағылған айыптың жай-жапсарын ашып айтпаған. Кейін әлгі күдіктілердің бірі өзін тергеу кезінде Гаджиевке қарсы куәлік етуге мәжбүрлеп, азаптағаны туралы мәлімдеген.
Әуелгіде Гаджиев Ресейде тыйым салынған "Ислам мемлекеті" экстремистік тобын қаржыландырған деп мәлімдеген тергеу шілде айының соңында айып мәтінін өзгертіп, журналисті содырларға қаржы жинауға "идеялық дем беруші" деп атаған.
Прокуратура Гаджиев "Ансар" қайырымдылық қорының негізін қалаушы Исраил Ахмеднабиевпен "қылмыстық мәміле жасаған" деп отыр. Гаджиевтің мақалалары оқырманды әлгі қорға ақша аударуға көндіруді мақсат еткен дейді прокуратура. Алайда іс материалдарында ондай бір де бір мақалаға сілтеме жасалмаған. Тергеушілер аталған қордан "Ислам мемлекеті" экстремистік тобына кемінде алты миллион рубль аударылған деп санайды.
Абдулмумин Гаджиев сотта өзін айыптауды "сандырақ" деп атаған. Оның сөзінше, тергеушілер дәлел ретінде келтіріп отырған 2011 жылы Ахмеднабиевтен сұхбат алған кезде "ИМ тобы да, "Ансар" қайырымдылық қоры да болмаған".
Гаджиевтің әріптестері оған қарсы қылмыстық іс ойдан құрастырылған айыптарға негізделген деп санайды. Олар журналист кәсіби қызметіне бола қудаланып жатыр деп мәлімдеген. Журналистерді қорғау жөніндегі халықаралық комитет Ресей билігінен Гаджиевті бостандыққа шығаруды талап еткен.
Дереккөз: Азаттық радиосы