Тамыздың аяқталуына да он шақты күн қалды. Дүкендерде мектеп жәрмеңкесінің саудасы қызып жатыр. Базарлардағы, сауда үйлеріндегі және интернет-дүкендердегі бағаларды салыстыра отырып, баланы мектепке дайындау үшін базардан сауда жасау қымбатқа шығады деген қорытындыға келдім.
Неге екенін білмеймін, бірақ базардағы сатушылар бір бағаны ұстап алып, еш түсіргісі келмейді. Әсіресе, оқу жылы қарсаңында жаппай сатылымға шығару деген түсінік жоқ. «Түріктің сапалы тауары» және «фабрикалық Пекин өнімі» деген уәжді алға тартады. Алайда олардың әрқашан сапалы бола бермейтінін тәжірибе көрсетіп отыр. Ақшаның көп бөлігі бірінші сынып оқушысын дайындауға кетеді. Одан жоғары сыныптағы балалардың өткен жылғы пайдаланған рюкзактары, мектептегі салтанатты сапқа ғана киген пиджагы немесе жейдесі әлі де жаңа күйде болса, бірінші сынып оқушысына бәрін түгел алу керек. Мектеп формасынан бастайық.
БАЗАРДА БАҒАСЫН ТҮСІРМЕЙДІ
Мектеп формасының бірыңғай стандартта болуы ата-ананың да, сатушының да жұмысын жеңілдетіп тастады. Сатушылар тауарларының бүкіл мектеп оқушылары үшін сұраныста болатындығын біліп, сенімді түрде тапсырыс береді. Ал ата-аналар уайымға салынбайды: егер биыл киімі үлкендеу болса, келесі жылы шақ болады, ал кішірейіп қалған киімді отбасындағы төменгі сыныпта оқитын басқа балалары киіп тастайды. Тек сапалы болса болғаны. Атап өткеніміздей, базар түрік пен қытай тауарларын, сондай-ақ, Қырғызстанда тігілген заттарды ұсынады. Ұлдарға арналған, құрамында азғана мақтасы бар матадан тігілген қарапайым жейде төменгі сыныптағылар үшін 3,5 мың теңгеден бастап, жоғары сынып оқушыларына арналған стильді жейде 10 мың теңгеге дейінгі аралықта. Әжептәуір шалбардың қалта көтеретін 100 пайыз синтетикалық түрінің бағасы - кем дегенде 8 мың теңге. Пиджактың бағасы да осы шамада.
Жилетка арзандау – 4 мың теңге. Қыздарға арналған ең қымбат жейде – 4,5 мың теңге, белдемше – 5,5 мың теңге. Қыздарға арналған мектеп туфлиі 7 мың теңгеден басталады. Ұлдар үшін сәл арзанырағын табуға болады. Бағасы 6 мың теңгеден басталады.
АЛДЫМЕН ДҮКЕНГЕ БАРҒАН ЖӨН
Дүкендердегі бағаларға қатысты жағдай жақсырақ. Оқу жылына орай жеңілдіктер басталыпты. Ұлдарға арналған жейдені 3700 теңгеге сатып алуға болады, костюм 15 мың теңгеден басталады. Қыздардың жейделері 4,5 мың теңгеден, белдемшелер 3800 теңгеден, пиджактар 5,5 мың теңгеден, сарафандар – жеңілдікпен 7 мың теңгеден басталады. Интернеттегі бағалар одан да жақсы. Егер киім өлшемінен қателеспейтін болсаңыз және бір аптадай уақыт күтуге әзір болсаңыз, ұл-қызыңызға бүкіл жиынтықты сатып ала аласыз. Ұлға арналған қысқа жеңді 2 жейдеден тұратын жиынтық 3320 теңгеден, шалбар да 3320 теңгеден, пиджак 8370 теңгеден, былғары брогги 9140 теңгеден басталады. Қысқы маусымға арналған классикалық мектеп жемпірі 3320 теңге. Спорттық костюм 9560 теңгеден, кроссовкалар 9140 теңгеден, 7 шұлықтан тұратын жиынтық 2910 теңгеден басталады.
Қыздарға арналған қысқа жеңді блузка 2080 теңгеден, ұзын жеңді 2 жейде жиынтық 2910 теңгеден, трикотаж белдемше 2910 теңгеден, аяқ киім 7 мың теңгеден, 3 жұп гольф жиынтығы 1870 теңгеден басталады. Спорттық костюмді 7880 теңгеге алуға болады. Ал кроссовкалар 8310 теңгеден басталады.
MADE IN KZ
«Қазақстанда жасалған» мектеп формасын сататын орындар Атырауда саусақпен санарлық. Ал өз қаламызда тігілгендер саны одан да аз. Дегенмен, бұл тауарларды жергілікті өндіріс деп шартты түрде ғана атауға болады. Материалдар басқа жақтан әкелінген әрі сызбаүлгімен пішіледі. Бірақ материалдың сапасы қуантады. Бағалары да әртүрлі. Жейделер 5400 теңгеден, ұлдар мен қыздарға арналған жилеткалар 4500 теңгеден, белдемшелер 6500 теңгеден, сарафандар 8 мың теңгеден, көйлек 9,5 мың теңгеден, шалбар 6800 теңгеден басталады.
Егер қолдағы тауарлардың өлшемі сәйкес келмесе, тапсырыс жасауға болады, бірақ оқу жылы басталғанша үлгермеуі мүмкін.
Осылайша бір қыздың мектепке киетін киімі (жилетка, бір белдемше сатып алып, пиджак алмаса) аз дегенде 37500 теңгеге шығады. Ал ұлдардың ата-анасына көбірек ақша жұмсауға тура келеді. Оларды дайындауға 45500 теңге әзірлеген жөн.
СӨМКЕНІҢ АРҚАСЫ БОЛУЫ ТИІС
Иыққаптар мен кеңсе тауарларына да бөлек қаржы керек. Сөмкені сатып алуға әжептәуір ақша кетеді. Оқушыға арналған ортопедиялық арқасы бар иыққаптың бағасы кем дегенде 15 мың теңге. Базарда арзанырақ, 3,5 мың теңгеге табуға болады. Бірақ арқа ұстағышы жоқ. 34 заттан тұратын оқушыға арналған кеңсе тауарларының қарапайым жиынтығы жеңілдікпен 1790 теңге тұрады. Ішінде қарындаштар, бояулар, сызғыштар және т.б. бар. Жоғары сынып оқушыларына ермексаз да, сурет дәптері де қажет емес. Бірақ дәптерлер, кітап пен дәптер тыстары керек, сондай-ақ, күнделік бәріне де керек: қарапайым 12 беттік дәптер 20 теңге, күнделік – 300 теңге шамасында, 10 дана дәптер қабы – 650 теңге, кітапқа арналған 10 қап – 550 теңге.
Бәрін бірден сатып алу, әсіресе, бірнеше оқушы баласы бар отбасы үшін қиын. Сондықтан ең қажеттілерін ғана алып, тапшылықтың заманы өтіп кеткеніне қуанудан басқа шара жоқ.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор