Өзбекстанның сыртқы еңбек миграциясы мәселелері жөніндегі агенттігінің жоғары лауазымды бірнеше шенеунігі жемқорлық айыбымен ұзақ мерзімге сотталды.
Өзбекстан жоғарғы соты 20 тамызда таратқан ақпаратта агенттіктің бұрынғы жетекшісі Равшан Ибрагимов пен төрағаның бұрынғы орынбасары Улугбек Назаровтың 12 жылға бас бостандығынан айырылғаны айтылған. Осы агенттіктің тағы екі қызметкері - Алижон Абдуллаев пен Озод Махсудовтың әрқайсысы 11 жылға сотталған.
Сот үкіміне сәйкес, сотталушыларға жазасын өтеп шыққан соң үш жыл бойы басшы және материалдық жауапкершілік жүктелетін қызмет атқаруға тыйым салынады. Агенттік қызметкерлері өткен жылы қазанда ұсталған. Оларға Өзбекстаннан Оңтүстік Кореяға жұмыс істеуге баратын еңбек мигранттарының сапарын ұйымдастыру кезінде ірі көлемде пара алған, күмәнді жолмен алынған ақшаны заңдастырған және ақпаратты заңсыз пайдаланған деген айыптар тағылған.
Дереккөз: Азаттық радиосы