Тамыз айының 21-і күні Ресей президенті Владимир Путин журналистер алдында сөйлеген сөзінде АҚШ-тың зымыран сынағына қатысты пікір білдірді. Онда ол аталмыш сынаққа байланысты ресми Мәскеудің Уашингтонға міндетті түрде жауап беретінін айтты.
«Біз бұл мәселеге байланысты қарсы қадамдар жасайтын боламыз. Біз бұған дейін диалогқа келу жөнінде ұсыныстар жасағанбыз. Еуропалықтармен де, америкалықтармен де келіссөз жүргізуге дайынбыз. Біз әлі күнге дейін осы ұстанымдамыз» - деп мәлімдеді Путин.
18-ші тамыз күні АҚШ «Tomahawk» қанатты зымырандарының жаңа түрін сынақтан өткізген. Бұған дейін АҚШ-тың 500 шақырымдағы нысананы атып түсіруге қауқарлы зымырандарын сынақтан өткізгендігі жөнінде ақпарат тараған. АҚШ Ресеймен арадағы орта және қысқа қашықтықтағы зымыран келісімінен шыққанан кейін, алғаш рет қанатты зымырандарды құрлықта сынақтан өткізуде.
Дереккөз: qazaqtimes.com