Жыл басынан бері Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері 10 заңсыз ойын орнының қызметін тоқтатып, рулетка, ойын автоматтары, термопринтерлер және жалпы сомасы 668 мың теңге көлемінде қолма-қол ақша тәркіледі.
Мысалы, биыл 15 ақпанында Авангард мөлтек ауданында заңсыз ойын орнының қызметі тоқтатылды. Ойын клубын тексеру кезінде ойын бизнесімен айналысуға арналған «SUPRA» және «HISENSE»теледидарлары, «Star tsp-100» термопринтері, «Lenovo» веб-камерасы, «Honeywell» ақша аудару аппараты, «CROWN» жүйелік блоктары, «LG» мониторлары және ақшалай қаражаттар тәркіленді.
Атырау қалалық №2 сотының үкімімен азамат Ж. ҚР ҚК-нің 307-бабының 1-тармағы (Заңсыз ойын бизнесiн ұйымдастыру) бойынша кінәлі деп танылып, 1 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеп, пробациялық бақылау түрінде жаза тағайындалды.
- ҚР Қылмыстық кодексінде 307-бабы бойынша заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Онда ойын мекемесiн заңсыз ашу не ұстау немесе ойын бизнесi саласындағы қызметтi заңсыз ұйымдастыру, сол сияқты заңсыз ойын бизнесі үшін үй-жайлар беру не Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңнамасында белгіленген орындардан тыс құмар ойындарын ұйымдастыру және өткізу не ойын бизнесі саласындағы қызметі лицензиясыз жүзеге асыру үшін – мүлкі тәркіленіп, бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы берілетінін еске салғым келеді, - деп түсіндіреді Департаменттің профилактикалық жұмыстар басқармасының басшысы Қаһарман ЖӘРДЕМОВ. – Осыған байланысты жалға берушілерден жалға беріп отырған ғимараттар мен ғимараттардағы алаңдардың жалға беру мәселелері бойынша өтініш білдірген тұлғаларға заңсыз ойын бизнесімен айналысу немесе лотерея терминалдарын орнату үшін берілмеуіне назар аударуларыңызды сұраймыз.
Заңсыз ойын бизнесі саласындағы құқық бұзушылықтар туралы Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне 8 (7122) 35-42-10, 31-60-59 телефоны бойынша хабарлауға болады.
Фархат ӘБІЛОВ