Индер ауданы әкімдігінің ақпарынша, сәуір мен шілде айлары аралығында 367 отбасы (2127 адам) шартты және шартсыз тәртіппен атаулы әлеуметтік көмекке (АӘК) ие болған. Бұған 122 млн 655 мың теңге қаржы бөлінді.
- Шартсыз АӘК-ке жалғызбасты аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар, жұмысқа жарамсыз адамы бар отбасылар жатады. Бұларға жәрдемақы тұрақты түрде беріледі,- дейді аудандық жұмыспен қамту әлеуметтік бағдарламалар және хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Ажар СЕРІКҚАЛИЕВА (суретте). - Ал шартты әлеуметтік көмек жұмысқа қабілеті бар, бірақ тұрақты жұмыс таба алмай жүрген ата-аналарларға беріледі. Біз осы адамдарға жұмыс тауып, орналастыруымыз керек.
Бөлім басшысының айтуынша, бұлардың арасында ұсынған жұмысқа бармай, бас тартатындар болады екен. Егер бұл адамдар ұсынған жұмыстан бір рет бас тартса, онда АӘК алушыға тиесілі ақша (20 789 теңге) 50 пайызға кемиді, ал екінші рет бас тартса, 100 пайызға қысқартылады. Яғни, жұмыстан бас тартқан әке немесе шешесінің ақшасы қиылады, ал балалар ала береді.
- Кентте көктемнен бері көшеішілік жол салу жұмысы жүріп жатыр. Кезінде мердігер бұл жұмыстарға 20 адам сұраған болатын. Бірақ соған бірде-бір адам еңбек етуге бармай отыр, Шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлерден де сұраныс түседі,- дейді А. Серікқалиева. - Бүгінде 59 адам ұсынған жұмыстан бас тартып, 50 пайыз ақшасынан қиылды. Жұмыс жоқ емес бар, тек адамдар таңдайды. Сол жәрдемақыны ғана қанағат етуші отбасылар да бар.
Аудандық ТКШ басшысы Абзал РАМАЗАНОВТЫҢ айтуынша, «Бақытты отбасы» бағдарламасына аудан бойынша 13 отбасы іліккен, оның бесуі толық емес, тағы бесеуі көп балалы, үшеуі мүгедек баланы асыраушы отбасы. Олар тұрғын үй жинақ банкісі арқылы баспанға ие бола алады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген автор