Атыраулық шахматшы Зарина НҰРҒАЛИЕВА 10-12 жастағы балалар арасында жедел шахмат (рапид) бойынша әлем чемпионатының жеңімпазы атанды.
Атыраудағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері Зарина Нұрғалиева мен Аят АБДУЛЛАЕВ ҚР құрамасында Минскіде өткен әлем біріншілігіне қатысты.
Зарина турнирге 10 жасқа дейінгі қыздар санаты бойынша қатысты. Бұл санатта әлемнің 35 елінен 92 жас шахматшы ойнады. 9 турда 8 ұпай жинаған Зарина үздік нәтиже көрсетіп, чемпион атанды.
Аят 12 жасқа дейінгі ұлдар сайысына қатысып, 6 ұпай жинап, 9-орын алды.
Облыстық шахмат федерациясының вице-президенті Сабырбай ҒАЙСИННІҢ айтуынша, Зарина өте дарынды шахматшы. Бір жыл ішінде ол қарқынды дайындықтан өтіп, көптеген халықаралық турнирлерде жеңіске жетті. Осы жыл спортшы үшін ерекше болды. Шри-Ланкада Азия чемпионатына қатысып, алтын алқа жеңіп алды. Заринаны БЖСМ-1 бапкері Жәнібек АМАНОВ жаттықтырады.
Спортшылар мен бапкерлер облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Р.Ибрагимовқа қаржылай қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіреді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ