Атырау, 24 қараша 10:45
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Менің атым ВладимирИльичСталин»

Сурет
4 474 просмотра


Танысып қойыңыз, ВладимирИльичСталин (бұл есім бірге жазылады) ШАНМАГАРДЖ, үндістандық Тамил Наду штатының 30 жастағы тұрғыны.  Өзгеше есімді оған нағыз коммунист әкесі қойған екен.

Мен үшін сонау Үндістанда коммунистердің болғаны таңсық еді. Өйткені, бұл ел өзіне тән киносымен, пілдерімен, йогасымен және түрлі құдайлар храмының көптігімен, сонымен қатар, әлемдегі ең ірі металлургиялық компаниялар тобының иесі Лакшми Митталдың есімімен астасып жатыр. Қазіргі Үндістанның саяси өмірі туралы ештеңе білмейтін едім, бірақ кезінде Совет Одағының Индира Гандидің үкіметімен дос болғанынан хабарым бар-тұғын. Оның құрметіне қойылған Индира есімді бірнеше құрбым да болған. Алайда жаңа танысымның туған жері Оңтүстік Үндістанның кейбір штаттарында ұзақ уақыт бойына Коммунистік партияның билік еткені (араға үзілістер салып билік құрып тұрады) мен үшін тың жаңалық болды.

 

ҚҰДАЙЛАР ОРНЫНА САЯСИ ИДОЛДАР

ВладимирИльичСталин – 3 ұлдың үлкені. 2010 жылы Тамил Наду штатының астанасы Ченнаи (бұрынғы Мадрас) қаласының университетінде «инженер-механик» мамандығы бойынша бакалавриатты бітірген. Қазір ол Теңіз кенішіндегі мердігерлік ұйымдардың бірінде еңбек етеді. Екінші інісі Сауд Арабиясында жұмыс істейді, университетті КИПиА (бақылау-өлшеу аспаптары және автоматтандыру) мамандығы бойынша тәмамдаған. Бауырына атақты үнді коммунисі Харикшан Сингх Сирджиттің есімі берілген. Кенже інісі өзінің туған жері Үндістанда, американдық компанияда IT-инженері болып жұмыс істейді. Өздеріңіз де сезіп отырғандай, оның да есімін коммунистің құрметіне орай ФидельКастро деп қойған екен.

Нағыз коммунист әкесі ұлдарына есімдерді өзі қойыпты. Ол өзінің әкесі, ВладимирИльичСталиннің атасы сияқты, өңірдегі Коммунистік партияда басшы лауазымда болған екен.

- Біздің үйде индуизм құдайларының мүсіндері мен суреттерінің орнында тек Маркстің, Энгельстің, Лениннің және Сталиннің 4 портреті ілініп тұратын. Әкем адамдарды касталарға бөлуді, құдайларға табынуды қабыл алмады. Ол гуманизм идеяларына және адамдардың теңдігіне сенді. Өкінішке орай, мен 14 жаста болғанда қайтыс болды, - дейді менің сұхбаттасушым.

Ол Үндістанда Ленин, Сталин есімді адамдар бар екенін біледі, бірақ үш есімнен құралған ВладимирИльичСталин тек біреу ғана екен. Толерантты үнді қоғамы бұл фактіге теріс қарамады, онда бала кезінде буллингке қатысты проблема болмаған. Алайда бұл сөздің қалай дұрыс жазылу керектігін бірден үйрене алмапты.

- Менің есімімдегі адамдардың кім болғанын уақыт өте келе түсіндім. Біз Үндістанда Сталин туралы тек жақсы нәрселерді ғана естідік. Ал аштық, қуғын-сүргін туралы бүкіл шындықты тек Қазақстанға келгенде ғана білдім, - дейді ВладимирИльичСталин.

 

РАХМЕТ, КПИ ЖӘНЕ КӨРІСКЕНШЕ!


Тамил Над штатына көршілес тұрған Керала штатын да ұзақ уақыт бойына коммунистер басқарған. Ондаған жылдар бойы Үндістанның Коммунистік партиясы шығыстағы Батыс Бенгал мен Трипур штаттарының парламенттерінде жергілікті сайлау кезінде жеңіске жеткен немесе екінші-үшінші орындарда болған. Үндістанның оңтүстік-батысында, Керала штатында коммунистер билік құрған. Бірақ қазір елдегі саяси ахуал өзгеруде, басшы орындарға Үндістанның билік етуші БДП (Бхарата джаната парти – Үндістан халық партиясы) партиясының өкілдері жайғасқан.

Бүкіл үнді парламентінің 300 мүшесінің 5-уі ғана коммунистер, ал жақында ҮКП (Үндістанның коммунистік партиясы) фракциясы саны жағынан үшінші партия болды. 2018 жылдың наурызында билік басына БДП келгеннен кейін Трипурдағы Белония қаласында үндістандық фундаменталшылар Лениннің ескерткішін құлатып тастады. Жергілікті тұрғындардың көпшілігі бұған қарсы болды, бірақ олар рұқсат етілмеген шеруге шықпады. Айтпақшы, кек алғандай, осы жылдың қаңтарында ВладимирИльичСталиннің туған жерінде, Тирунелвел қаласында коммунистер салтанатты түрде Лениннің жаңа ескерткішін ашыпты.

Сұхбаттасушымның әңгімесінен ұққаным, Үндістан коммунизмнің басқа үлгісімен ерекшеленеді. Егер біз үшін бұл жеке меншік құқықты, билік партиясының қатыгез диктатурасын жоққа шығарумен сипатталса, үнділер үшін коммунизм - бұл касталарға бөлінбей, адамдардың теңдігін насихаттайтын кедейлердің наразылық идеологиясына көбірек келеді.

Ең маңызды айырмашылық - Үндістандағы Компартия билік үшін тек парламенттік әдістермен күреседі. Партияда өздерін кедейлерге қызмет етуге арнаған риясыз жандар көп, олар мұғалімдер, дәрігерлер, шаруалар, қолөнершілер және жұмысшылар. Партия сайлауда жеңеді, жеңіледі, бірақ бұл адамдар партияның ұйытқысы болып қала береді.

Ал штат парламентіндегі сайлау жеңістері төменгі таптан шыққан жандардың мемлекеттік органдарда отыруына, гендерлік теңдік орнатуға және халықтың білімге және мемлекеттік медицинаға анағұрлым кең ауқымда қол жеткізуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Сондықтан да «қызыл» Керала штатында білімді адамдар көп, заманауи үздік медицина бар, ұлдар мен қыздар үшін білім алуға ешқандай кедергі жоқ. Алайда жоғарғы оқу орындарында оқу үшін жастар несие алып, оны жұмысқа орналасқаннан кейін төлейді. ВладимирИльичСталиннің отбасын орта таптың қатарына жатқызуға болады, ол да жоғары білімді осылай алған. Екі інісінің жолы болған. Ортаншысы бадминтонға әуес, штат құрамасының мүшесі екен, сондықтан тегін білім алуға грант алған. Ол тек жатақханада тұру ақысын ғана төлепті. Екінші інісі де жақсы спортшы, құрама мүшесі, колледж оған тегін білім алуды ғана емес, жатақханада тегін тұруды да ұсынған.

 

ҮНДІСТАННЫҢ ӨЗГЕШЕ КОММУНИЗМІ

Кералаға бірнеше рет барған әріптестерімнің бірі ол жерде коммунистерді құрметтейтінін, олар шынымен кедейлердің мүддесі үшін жұмыс істейтінін растады. Бірақ партиялық элитада кейде басқаша көзқарасқа төзбеушілік орын алып тұрады екен. Бірде Кералада ректор-коммунист Марксті қатты сынға алған оқытушыны университеттен шығарып жіберген. Партиялас жолдастары ректор-ортодоксты ашық айыптаған, өйткені жанжал сайлау қарсаңында болған. Ал демократиялық штатта тіпті билеуші партияға да жанжалдар қажет емес. Өйткені оның НКВД-сы да, Гулагы да жоқ.

Сондықтан «қызыл» штаттарда жер бетіндегі жұмақ әлі орнаған жоқ. Осы Керала штатына да Үндістанның басқа өңірлерінен кедейлер ағылып келіп, тұрғындардың көбею қаупі төніп тұрған жоқ. Дегенмен, ВладимирИльичСталин неліктен елде адамдардың көшіп-қонып емес, өз штатында өмір сүргенді жөн көретінін түсіндірді. Өйткені Үндістанда штаттар тілдік негіз бойынша құрылған. Тамил Надуда көбінесе тамилдер, Кералада малаялар тұрады, әркім өз тілінде сөйлейді, ал халықаралық қатынас құралы ретінде ағылшын тілін қолданады. Соған сәйкес, тағамдары да, музыкасы да, киіну әдебі де ерекшеленеді...

Бірақ тілдік бөлінуден гөрі дін ортақтығы, үнділердің бірлігі мықтырақ. Егер коммунистер мен Бхарата парти арасындағы саяси араздықты ұмытар болсақ, халықтық сана деңгейінде дін коммунистік идеологияға жау емес, ол тек марксизмді сіңіреді.

Менің сол әріптесім Үндістан көшелеріндегі түрлі үнді құдайларының ағаш алтарьларымен  қатар Лениннің шағын мүсіні қойылып, шамдал жағылған алтарьды да көріпті...

 

ҚЫЗДАРЫНЫҢ ЕСІМДЕРІН ЖҰЛДЫЗДАР БОЛЖАҒАН

ВладимирИльичСталинннің отбасы

Мен ВладимирИльичСталиннен қазір Үндістандағы отбасының қалай өмір сүріп жатқанын сұрадым. Жұбайын  ата-анасы таңдамаған. Өзі сүйген әйеліне үйленіп, бақытты өмір сүруде. Екі қызы бар екен - үлкені 7 жаста, кішісі 5 айлық. Оңтүстік штаттарда селективті түсік жасау қолданылмайды, жалпы қазір дәрігерлерге болашақ ата-анаға баланың жынысын айтуға тыйым салынған. Егер мұндай жағдайлар орын алса, көбінесе елдің солтүстігінде болады. Сұхбаттасушым, әкесі сияқты, өзін коммунист санаса да, қыздарына идеологиялық тұрғыдағы есімдерді қоймаған. Олардың аты – Митра (санскрит тілінде дос деген сөз), Адира (күн деген мағынаны білдіреді). Есімнің таңдалуы жаңа туған нәрестенің ата-анасы тұратын аймаққа байланысты. Есім таңдауда бір жерде діни бағыттар, енді бір жерде таптық шығу тегі, басқа бір жерде жұлдыздар маңызды рөл атқарады.

- Біз маман-астрологтарға жүгіндік. Жұлдыз жорамалына сүйене отырып, олар белгілі бір сәтте туған балаға сәйкес келуі мүмкін есімдердің толық тізімін ұсынады. Тізімде таңдайтын есім көп, - деп күлімсіреді сұхбаттасушым.

Әзірге кенже қызы өте кішкентай, сондықтан әйелі бүкіл уақытын балалары мен үйіне арнайды. Бірақ алдағы уақытта жұмысқа шығу жоспарында бар екен, әйелі жақсы білім алған, MBA дәрежесі бар. Бүгінде көптеген үнді әйелдері білім алып, жұмысқа орналасуға ұмтылады, олар көбінесе банк секторында, IT саласында жұмыс істейді.

 

ВЛАДИМИРИЛЬИЧСТАЛИН ҮШІН ЕРЕКШЕ ҚЫС

ВладимирИльичСталин Сауд Арабиясы мен Кувейтте бірнеше жыл жұмыс істеген. Атырау - оның бірінші вахтасы екен. Ол қаланы дұрыс аралап үлгермепті, келген кезде бірден Теңіз кенішіне кеткен. Енді ол Атыраумен танысуды (біреу-міреу оған Жилгородокқа «жер аударылған» Лениннің алып ескерткішін міндетті түрде көрсетер), жергілікті әріптестерінен талай естіген Алматы мен Астанаға баруды армандайды.

Есесіне 42 күн вахтада болған кезде ол ыстықты да, суықты да, жел мен жаңбырды да сезініп үлгерген. Үндістанның оңтүстігінде күн үнемі ыстық болып тұрады. «Ski Dubai»-дағы жасанды қарды көрген болмаса, ол ешқашан қар көрмеген екен. Сондықтан ол Атыраудағы биылғы қыстың өзі үшін ерекше болатынына сенімді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген автор

16 тамыз 2019, 22:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.