Индербор кентінің көшелеріндегі жас көшеттер қаңғыбас сиырлардың азығына айналды. Әсіресе, орталықтағы Қонаев көшесіне отырғызылған 5 мың теректің 1 мыңға жуығын аш сиырлар отап кетті.
Сиырларын түн ортасы ауғанша үйлеріне іздеп алмайтын поселке тұрғындары бақташыдан да бас тартты. Жасыл желекті қорғаушы күзетшілер де түнімен сиыр қуудан мезі болды. Жас теректер мен күзетшілер еңбегін бағалаған бірде-бір жанашыр тұрғын табылмады.
Кенттегі тазалық, көгалдандыру, көшет егу жұмыстарына жауапты «Жасыл аймақ» ЖШС-не биыл бюджеттен 7 млн теңге бөлінді. Бұл қаржыға биылдың өзінде Махамбет, Қонаев көшелері мен «Көктем» ықшам ауданына 7500 қаратал мен шаған егілген. Бірақ, Махамбет көшесі мен «Көктем» ықшам ауданында отырғызылған теректер күтім жасалғанына қарамастан шықпай қалған. Енді олардың орнына тағы да қайтадан теректер отырғызылатын болады.
«Жасыл аймақ» ЖШС директоры Әнуарбек КЕНЖИЕВТІҢ айтуынша, үш жақты меморандумға қол қойылған, енді көшедегі қаңғып жүрген мал қамалып, иесіне айыппұл салынады екен.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА,
Суреттерді түсірген автор