Қазақстанда тек бір аптаның өзінде темір жолдың рұқсат етілмеген жерлерінен өткені үшін 486 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, көлік полициясы қозғалып бара жатқан «Атырау-Алматы» пойызы вагонының басқышына секіріп мінген азаматты да осындай жауапқа тартты.
- Оқиға 7 тамызда болды. Біздің қызметкерлеріміз «Атырау-Алматы» пойызы жолсерігінің тоқтату кранын басқанын анықтады. Жолсерік бұл әрекетке жүріп бара жатқан пойыз вагонының басқышына секіріп мініп, тұтқаға жармасқан ер адамды көрген соң барған екен. Ол жолаушының өміріне қауіп төнеді деп тоқтату кранын басқан. Сәйкесінше пойыз 5 минут тоқтап тұрды, - деп хабарлады Көліктегі полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жасұлан БӘЙКЕНОВ.
Белгілі болғанындай 41 жастағы ер адам пойызға кешігіп қалған. Оған қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 560-бап, 1-бөлімі («Жүк поездарында заңсыз жүрiп-тұру, поезд жүрiп бара жатқанда отырғызу және түсiру, вагондардың тепкiшектерi мен төбесiнде жүрiп-тұру, қажетсiз ретте поезды заңсыз тоқтату») бойынша әкімішілік хаттама толтырылды және ол 5 АЕК көлемінде (12 625 теңге) айыппұл төлейтін болды.
Полиция департаменті түсіндіргендей, тоқтату кранын жолаушы кешіккен кезде қолдануға болмайды. Тоқтату кранын апаттың алдын алуда, пойыз құрамы жолдан шыққан немесе жолаушылар өміріне қауіп төнген жағдайда қолданады.
Фархат ӘБІЛОВ