3 тамызда УГ-157/11 мекемесінде (әйелдер түзету колониясында) қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері Атырау облыстық полиция департаментінің ішкі қауіпсіздік басқармасымен бірігіп, пара беру кезінде 28 жастағы Атырау тұрғынын ұстады.
- Иә, біз бұл ақпаратты растаймыз. Пара сомасы - 500 мың теңге. Оны Атырау облыстық ҚАЖД УГ-157/11 мекемесінің режим бөлімінің қызметкеріне ақша беру кезінде ұстады. Азамат бұл сыйақыны ЖШС-ге қатысты бұрын жіберілген материалдарды соттан кері қайтарып алу (ұсталушы ЖШС өкілі боп жұмыс істеген - Ф.А.) және қабылдау-беру актісін жақсы жағына өзгерту мәселесін шешуге арналған, - деді Атырау облыстық ҚАЖД.
«АЖ»-ға белгілі болғандай, күдікті жұмыс жасаған компания әйелдер колониясына өрт сөндіру жүйесін жеткізу және орнату тендерін ұтып алған. Бірақ жұмыс толық көлемде орындалмай, тиісінше әйелдер колониясы ЖШС-ны мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы шағыммен сотқа жүгінген. Бірақ компания өкілі бұл істі сотқа дейін үйлестіргісі келіп, пара беру кезінде ұсталды.
Осы факті бойынша ҚР ҚК 367-бабының 2-тармағы (Айтарлықтай мөлшерде пара беру) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жұмыстары жүргізілуде.
Фархат ӘБІЛОВ