Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың әйелі Раиса Атамбаеваға қарсы қылмыстық іс қозғалды деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі.
Бұл іс президент аппаратының сот реформасы және заңдылық бөлімінің бұрынғы меңгерушісі Манас Арабаевтың ісі аясында қозғалған. Бұл туралы журналистерге Раиса Атамбаеваның өзі айтқан.
"Арабаевтың ісі аясында бүгіннен бастап маған қарсы қылмыстық іс қозғалғанын жаңа ғана білдім. Мен судьялардың ісіне ешқашан араласпағанымды айтқым келеді, саясат лас іс екенін білетінмін, сондықтан оған араласпауға тырыстым. Мен тіпті бір де бір судьяны танымаймын" деп мәлімдеген Атамбаева.
Қырғызстан бас прокуратурасы Раиса Атамбаеваға қарсы іс қозғалғаны туралы ақпаратты растады. Іс материалдары қылмыстар мен заң бұзушылықтардың бірыңғай тізіміне тіркелген.
Манас Арабаев 2 маусымда ұсталып, үстінен "Жемқорлық" бабы бойынша іс қозғалған. Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, ол қызмет лауазымын шетелдік инвесторлардың кәсіпкерлік нысандарын рейдерлік жолмен тартып алған жекелеген қылмыстық топтардың мүддесіне теріс пайдаланған деген күдікке ілінген.
2 шілдеде "Ала-Тоо 24" телеарнасы эфирінен көрсетілген бағдарламада шетелдік инвесторлардың дүние-мүлкін тартып алуға бұрынғы президенттің зайыбы Раиса Атамбаеваның қатысы бар деген ақпарат айтылды. Телеарна сюжетінде ол жайында Манас Арабаевтың тергеу органдарына куәлік бергені көрсетілген.
5 шілдеде Бішкектің Бірінші май аудандық сотының шешімі бойынша, Манас Арабаев тергеу абақтысынан үйқамаққа ауыстырылған.
Дереккөз: Азаттық радиосы