2020 жылы Атырау қаласы мен қала маңындағы елді-мекендерде 5020 орындық 19 балабақша мен 3890 орындық 10 мектептің құрылысы басталады.
КӨПҚАБАТТЫ ҮЙЛЕР КӨБЕЙЕДІ
Бұл туралы брифингте Атырау қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Айбек ЖАЛЕЛОВ хабарлады.
Ол биліктің басқа да құрылыс жоспарлары туралы хабарлады:
-2017 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде Береке ықшам ауданында 72 пәтерлік 21 тұрғын үй, 240 пәтерлік 4 тұрғын үй, 50 пәтерлік 3 тұрғын үйдің және Нұрсая ықшам ауданында 72 пәтерлік 8 тұрғын үй, 240 пәтерлік 2 тұрғын үйдің жобалық құжаттамасы жасақталған болатын. Қазіргі кезде Береке ықшам ауданында 72 пәтерлік 9 үй мен 50 пәтерлік 3 үй және Нұрсая ықшам ауданында 72 пәтерлік 5 үй тапсырылды. Қалған 20 үй биыл жыл соңына дейін тапсырылады.
Бөлім басшысының айтуынша, биыл 1 қыркүйекте Нұрсая ықшам ауданында (жаңадан салынған 72 пәтерлік 8 қабатты үйлердің ортасында орналасқан) 900 орындық жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Бұл облыс бойынша сыйымдылығы жағынан ең үлкен мектеп болмақ.
ИСАТАЙ-МАХАМБЕТ АЛАҢЫНДА 12 СУБҰРҚАҚ БОЛАДЫ
Атырау қаласы бойынша қыркүйек айында Смағұлов алаңынан 4 субұрқақ, Құрманғазы алаңынан 2 және Жеңіс саябағынан, Құрманғазы мәдениет үйі алды мен Құнанбаев көшесінен барлығы 9 субұрқақ іске қосылады. Бұдан бөлек қала күні қарсаңында жаңартылған Исатай-Махамбет алаңы ашылатын болады. Ол жерден 12 субұрқақты тамашалауға болады. Ал, «Ақжайық» қонақ үйі алдындағы кеңес үкіметі кезінен келе жатқан орталық субұрқаққа қазіргі кезде толықтай жаңарту жүргізілуде. Ол жерде су құбырларының барлығы ескірген. Бұл субұрқақты құпия қалуды қалаған мердігер компания өз қаражатына қалаға сыйлық ретінде жасап бермек. Құрылыс жұмыстары 2019 жылдың соңында аяқталмақ.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті түсірген автор