Әлеуметтік желілерде әуежай трассасының бойында жастардың тапаншадан әуеге оқ атып жатқаны түсірілген әуесқой бейнежазба таралуда. Оның газ тапаншасы екені және 27 жастағы Алматы тұрғынының атына тіркелгендігі белгілі болды. Ол оны досына беріп, досы алып, үш рет әуеге атқан.
- Оқиға 13 тамызда Әбілқайырхан даңғылының бойында орын алды. Бейнежазбада екі «BMW» мен «Lada PRIORA» көліктерінің жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған сәті бейнеленген, - деп хабарлады Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Тіркелген газ қаруының иесіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 484-бабына сәйкес (Азаматтық қаруды, оның патрондарын иелену, беру, есепке алу, сақтау, пайдалану, тасымалдау, Қазақстан Республикасының аумағына әкелу, Қазақстан Республикасының аумағынан әкету және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өткізу тәртібін бұзу) хаттама толтырылды. Атқан жігіт те әкімшілік жауапкершілікке тартылған, бірақ полицияда қай бап бойынша екенін нақтылаған жоқ.
«BMW 3», «Lada PRIORA» және «BMW X5» маркалы көлік жүргізген 3 ер адамға ҚР ӘҚБтК-тің 596-бабы (Көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiнде орналастыру, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу) және 597-бабы (Көлiк құралдарын тоқтату немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзу) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Фархат ӘБІЛОВ
Бейнежазбаны Атырау облыстық ПД ұсынды