Оқу жылының басталуына бар болғаны жарты ай қалды, ал №38 мектеп-лицейде (бұрынғы СТГ) орыс тілінде оқытатын бастауыш сынып мұғалімдері жетіспейді. Бізге осындай шағыммен мектеп оқушыларының ата-аналары хабарласқан болатын.
Шынымен де мектепке кадр тапшылығы мәселесін шешу керек екен. Бүгінде мектепте орыс тілінде оқытатын бастауыш сыныптардың 9 мұғалімі жетіспейді. Мектептің беделі жақсы, сондықтан онда еңбек ететін ұстаздарды кез-келген оқу орны қуана жұмысқа қабылдайды. Олардың көпшілігі жұмысын жалғастыру үшін жеке даму орталықтарына, мектептерге шақырту алады. Кейбіреулері келіскен. Бұл туралы мамыр айының соңында белгілі болды. Нәтижесінде орыс тілінде білім алатын 9 бастауыш сынып мұғалімсіз қалған.
- Мүмкіндігінше кадрлар іздейміз, жас мамандарды, сонымен қатар, басқа мектептердің мұғалімдерін жарты күнге шақырамыз. Оқушылар сынып жетекшісіз қалмайды, - деп сендірді қалалық білім беру бөлімінің жалпы білім беру секторының меңгерушісі Ақмарал ЕРМЕКОВА.
Біз сондай-ақ әлеуметтік желілерде қоғамдық резонанс тудырған оқу орны мәртебесінің өзгеруіне қатысты түсініктеме беруін өтіндік. А.Ермекованың айтуынша, мектептің ресми атауы білім беру саласындағы жаңа ережелер мен нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес берілген.
- Бұрын оқу орны «Ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын мамандандырылған техникалық гимназия» деп аталды. Ережеге сәйкес, мамандандырылған оқу орындары республикаға немесе облысқа бағынышты болуы тиіс, ал СТГ қалалық білім беру бөліміне тиесілі болды. Сондықтан, атауын «мектеп-лицей» деп өзгертуге тура келді.
Гуманитарлық бейімділікті білдіретін «гимназия» мәртебесінің керісінше нақты ғылымдарға сүйенетін «лицейге» ауыстырылуын да қарапайым түсіндіріп берді.
СТГ бұрын да техникалық гимназия, яғни, тіл және математикалық ғылымдарын бірдей терең оқытатын оқу орны болды. Айтпақшы, биыл алғаш рет мектепке 3 км радиустағы аумақтық қызмет көрсету аймағын ресми түрде бекітіп берді. Бекітілген аумақтағы балалар алдымен осы мектепке қабылдану құқығына ие. №38 мектеп-лицейде лицей сыныптары мен қарапайым сыныптар жұмыс істейді. Лицей сыныптарына қабылдау конкурстық негізде жүзеге асырылады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА