Индер ауданы Есбол ауылында бес мыңға жуық халық тұрады. Үш мектеп бар, бұрынғы гимназия мектебі шағын жинақталған орта мектеп болып қайта құрылып, онда оқитын 160-қа жуық бала мен мұғалім ауылдағы Қ.Есқалиев атындағы мектепке орналастырылған болатын. Әңгіме осы туралы болып отыр. Ол 1936 жылы большевиктер бұзған шіркеудің қызыл тасынан қаланған.
Алты жылдан астам уақыттан бері билік 320 орындық жаңа мектеп салып, оған апаттық жағдайдағы ғимаратта оқып жатқан балаларды көшіруге уәде беріп келеді.
Ал, Қ.Есқалиев атындағы мектептің жағдайы өте нашар, қосымша бағандармен тірелген ғимарат құлаудың аз-ақ алдында тұр. 2016 жылы мектеп апаттық жағдайда деп танылды. Содан бері үш жыл өтсе де, балалар сол мектепке барып жүр. Биыл әрлеу жұмыстары үшін 536 мың теңге бөлінді. Бірақ қанша ақтап, әрлегенмен төбенің сөгілген ағашы мен бірінші қабаттан көтерілетін баспалдақ оқушыларға қауіп төндіріп тұр.
- Мұғалімдер, оқушылардың және еден жуушылардың киім шешетін жерлері бір. Мына киім ілгіштерді ескі парталардан құрастырып өзіміз жасап алғанбыз, - дейді директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары Шолпан БІЛӘЛОВА.
Мектеп әкімшілігі осы жылдың басында-ақ, лингафон, биология кабинеттерінің төбесінің ажырай бастағанын, спортзалдың төбесінің 8 см ашылып кеткенін айтып, дабыл қаққан болатын.
1 қыркүйекте бұл ғимаратқа екі жүзден астам бала мен қырық шақты мұғалім аяқ басады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді және бейнежазбаны түсірген автор