Грекия Эвбей аралындағы сұрапыл орман өртін сөндіруге Еуропа одағынан көмек сұрауға мәжбүр болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат euronews.com-ға сілтеме жасап.
Сейсенбіге қараған түнде тұтанған өртті 40 градустан түспей тұрған аптап ыстық пен күшті жел шартарапқа таратып жатыр. Жергілікті қорықты күлге айналдырған жалын елді мекендерге таяп келеді. Өртті сөндіруге 200-ден астам адам және 67 машина тартылған. Бұдан тыс, бес тікұшақ пен алты ұшақ су тасып жүр. Соған қарамастан, тілсіз жауды ауыздықтаудың амалы болмай тұр.
«Мыңдаған гектар орман бірнеше сағаттың ішінде күлге айналды», - деп хабарлады Euronews тілшісі Яннис Ягинис. Көк түтінге тұншыққан аралда автожолдар жабылған.
Дереккөз: Inform.kz