Атырау, 27 қараша 13:49
 қар жаууы ықтималВ Атырау +2
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

​Гонконг тұрғындары оныншы апта ереуілге шықты

2 363 просмотра


Гонконг тұрғындары Бейжің шешіміне қарсы кезекті мәрте ереуілге шықты. Ереуілдің оныншы аптасында наразылар метро, әуежайға жиналған. Метроға жиналған жұртты полиция таяқтап қуып, көз жасаурататын газ қолданған. 

Куәгерлердің айтуынша тіпті резеңке оқ атылған. Дегенмен, халықаралық агенттіктер жариялаған дәлелді видеоларға қарамастан полиция айыптарды мойындамай отыр. Гонконгте апта сайын жалғасын тапқан халық шерулерін БҰҰ өкілдері, шетелдік агенттіктер бақылап отыр. 

«БҰҰ Гонконг әкімшілігі аумағындағы ереуілдерге алаңдаушылық білдіріп отыр. Себебі қолда бар материалдарға қарап тәртіп сақшылары наразы халықты тарқату үшін халықаралық нормаға сай келмейтін құралдарды қолданғанын көрдік. Сондай-ақ, жабық нысанда көз жасаурататын газ шашқан. Бұл адам өміріне қауіп төндіретін жағдай. Гонконг билігінен тұрғындарға қарсы күш қолданбауды талап етеміз. Полиция бұл әрекетімен ереуілшілерді одан сайын ызаландыра түседі. Мәселені күшпен шешудің қажеті жоқ», – дейді БҰҰ-ның Адам құқығы бойынша өкілі Руперт Колвилл.

Reuters агенттігіне сұхбат берген ереуілшілердің бірі: «Наразылық акциялары кезінде, полиция қызметкерлері құқығымызды таптап жатыр. Халыққа күш қолдануда. Гитлердің режимі дер едім мұны. Метродағы ереуіл кезінде көзге газ шашты. Онсызда ауасы тар жер, құдды газ камерасына айналғандай. Эскалатордан түспек болғандарды сабағаны тағы бар. Біз тәуелсіз комитет құрылып, полицияға қарсы тергеу жүргізуін талап етеміз. Барып тұрған айуандық бұл. Халықта сөз бостандығы барын ұмытпау керек», – дейді. 

Гонконгтегі жаппай наразылық шерулері маусымда басталған. 16 маусымда 2 миллионға жуық адам наразылық шеруіне шыққан еді. Бұл ел тарихында болмаған массалық наразылық акциясы. Осы сынды ауқымды наразылық шеруі Гонконгте 1997 жылдан бері болған емес. Сол тұста Британия үкіметі Гонконгті Қытай үкіметінің айрықша басқару тәртібіне өткеріп берген болатын. Бұған наразы жүз мыңдаған адам көшеге шығып, ҚХР билігін қабылдауға қарсы наразылық білдірген. 

Гонконгта жергілікті әкімшілік басшысы Кэрри Лам заң жобасын күн тәртібінен алып тастау туралы шешім қабылдады, бірақ бұл үкіметке қарсы наразылық толқынын тоқтатпады. осы ретте Гонконг мэрі Кэрри Лим: «Бұрынғы ашық, еркін, экономикалық қуатты, тұрақтылық бар шаһардан түк қалмады ма деп қорқамын. Қайта қалыпқа келу үшін біраз уақыт керек. Ереуілшілер әуежай жұмысын тоқтатып, метрода қақтығысқа шықты, полиция учаскелеріне де шабуыл жасап аласапыран туғызды. Ереуілшілер бір мезгіл ойланып, жан-жағына қараса екен деймін. Ойланбай жасаған қадамдары, қалаға қаншалықты зиян келтірді», – деп мәлімдеді. 

Дереккөз: "The Qazaq Times"

14 тамыз 2019, 10:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.