Атырауда Уәлиханов, Құрманғазы көшелері мен Бейбарыс даңғылы бойындағы бірқатар жол учаскелерін ауқымды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстар аяқталған кезде қандай өзгерістер болады және олардың қашан аяқталатыны туралы «АЖ» анықтаған еді.
КОММУНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТПЕН БІРГЕ ЖҰМЫС ЖАСАЙМЫЗ
Жұмыс көлемі көп болғандықтан барлық учаскелердегі жұмыстар осы маусымда аяқталмайды, кейбіреулерін жөндеу келесі жылы да жалғасады.
Қалпына келтіру жұмыстары жол төсемдерін қайта төсеу және оны кеңейту бойынша кешенді жұмыстарды ғана емес, сонымен қатар Бейбарыс даңғылындағы жиектерді, тротуарларды, бөліп тұрған жолақтарды, велосипед жолдарын салуды, сондай-ақ, аялдама павильондарын, бағдаршамдар мен көше жарықтарын ауыстыруды қарастырады. Жаяу жүргіншілер өтетін жерлерде балалар арбасымен өту үшін және тұрғындардың қозғалысы шектеулі тобына ыңғайлы болу үшін жұмыс жобасында пандустар орнату қарастырылған. Жол жұмыстарымен қатар жер астынан және үстінен өтетін барлық коммуникациялар: газбен жабдықтау, байланыс және электр желілері дерлік жөнделуде. Коммуникация құбырларын көшіруді және ауыстыруды желі иелерінің бақылауымен жоба мердігері АИС компаниясы жүзеге асырады. Жолды кері төсеу жобасын дайындау кезінде барлық коммуналдық қызметтердің техникалық жағдайлары ескерілді. Мысалы, жылу жүйелерін төсеу бағыты мен тәсілі «Атырау жылу жүйелері» АҚ қызметтерімен келісілген. Жолдар мен жылу жүйелерінің қиылысқан торабын жер астына пластикалық гильзамен орналастырады, бұл қажет болған жағдайда жол төсемін бұзбай-ақ құбырды ауыстыруға мүмкіндік береді.
- Тозған желілерді жаңарту және көшіру қажеттілігі орындау уақытына айтарлықтай әсер етеді, іс жүзінде кейбір объектілерде әлі күнге дейін бұл жұмыстар жалғасуда. Бірақ біз жерасты жұмыстары аяқталмайынша, жерүсті жұмыстарын жасай алмаймыз. Бұл төселген асфальт төсемін болашақта кез-келген себеппен ашпауға мүмкіндік беретін жобалаушылар қойып отырған ақылға қонымды шарт. Сондықтан қала тұрғындарынан түсіністік танытуды сұраймыз. Мұндай ауқымды жұмыстар жиырма жыл сайын жасалады және өкінішке орай, оларды орындау кезінде уақытша қолайсыздықтар болады, - дейді «Атырауинжстрой» ЖШС бас директоры Әділбек НҰРЛЫҒОЖИЕВ.
ҚҰРМАНҒАЗЫ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРЕДІ?
Осы көшенің белсенді автокөлік қозғалысын ескере отырып, жүктеме дәрежесіне байланысты жолақтар санын 2-ден 6-ға дейін кеңейту арқылы жолдың өткізу қабілетін едәуір арттыру жоспарлануда. Көктем базарынан жол өтпесіне дейін қозғалыстың ең көп жүктемесі байқалады, ол жерде 6 жолақ болады. Орталықта, қарама-қарсы жолақтардың арасына, Сәтпаев даңғылындағыдай, металдан жасалған қорғаныс қоршауы бар бөлу жолағы төселеді. Бөлу жолағының бойына көше шамдарының діңгектері орнатылады. Құрманғазы-Бейбарыс торабында бағдаршамға тәуелсіз оң жаққа бұрылыстар қарастырылған. Құрманғазы көшесінде жалпы ұзындығы 4,050 шақырым болатын үш учаскені қалпына келтіру жоспарланған. Күрделі жол төсемін төсеумен қатар, бүкіл учаскенің бойында жолдың екі жағына тротуарлар төселіп, жарық жүргізіледі. Ашық және жабық түрдегі автопавильондары бар 9 аялдама орнатылады. Жоба бойынша, қалпына келтіру және кеңейту жұмыстары облыстық балалар ауруханасы ауданындағы Жайық жағалауынан бастап Адмирал Владимирский көшесіндегі бағдаршамға дейін жүргізіледі. Жобадағы бұл учаске «Шағала-Жастар» учаскесі деп аталады. Осы учаскедегі жұмыстар орындалып, жол төсемі түгелдей төселді. Бұл жерде тротуарлар салу бойынша жұмыстар әлі жалғасуда, бірақ көлік қозғалысы ашылды. Қазіргі уақытта қиылыстан (Авангардтың соңғы аялдамасы маңында) Көктем базары жанындағы бағдаршамға дейін және әрі қарай Құрманғазыға шығатын жерде базардан Мостовой өзегінің көпіріне дейін (Құрманғазы - Бейбарыс қиылысы) қалпына келтірілуі тиіс жұмыстар жүргізілуде.
- «Көктем» базарының қиылысы мен Сәтпаев көшесіндегі жерүсті өткеліне дейінгі учаскені оқу жылының басында пайдалануға беру жоспарланған болатын. Бірақ бұл учаскені тапсыру мерзімі тек АИС-ке ғана байланысты емес. Бұл аумақта «Атырау Су Арнасы» АҚ-на тиесілі ауыстырылуы тиіс өздігінен ағатын коллектор бар. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін ғана жол төсемесін төсей аламыз. Біздің міндеттемелеріміз бойынша бұл жердегі басқа жұмыстардың барлығы аяқталды, - дейді Нұрлығожиев.
Қыркүйек айында жол қызметкерлері Сәтпаевтағы өткелден бастап (оны жаңарту жобада қарастырылмаған - З.И.) солтүстікке қарай Мостовой өзегінің көпіріне дейін жол жұмыстарын жалғастырады. Бұл учаскені 4 жолаққа дейін кеңейту, ал ені 1,5 метр болатын тротуарларға кеспе тастар төсеу жоспарланған.
БЕЙБАРЫС ДАҢҒЫЛЫНДА ВЕЛОЖОЛДАР ПАЙДА БОЛАДЫ
Бейбарыс даңғылы – қазіргі қалпына келтіріліп жатқан нысандардың ішінде жол төсемінің екі жағына велосипед жолы салынатын жалғыз нысан. Биыл теміржол вокзалынан бастап даңғылдың Құрманғазы көшесімен қиылысатын жеріне дейінгі учаскесін қалпына келтіру жоспарланған. Жоба даңғыл мен Мостовой каналы арқылы өтетін екі учаскені қалпына келтіруді қарастырады, жол төсемінің жалпы ұзындығы - 10 км астам. Бұл учаскелерде автопавильондары бар 21 автобус аялдамасы орнатылады. Бұл жерде көлік жолына жиналған еріген қар сулары мен жаңбыр суы бойлық және көлденең беткейлердің көмегімен ағып кетеді. Бөліну жолағы бар жерлерде суды жинап, ағызу үшін арық науалары қарастырылған. Бүгінде Баймұхановтан Еркіновке дейінгі жол төсемі («Дина» ауданында) төселді, ал 15 тамызда бұл учаске көлік қозғалысы үшін ашық болады.
УӘЛИХАНОВТАҒЫ МЕКТЕП АЛДЫНА АВТОТҰРАҚ САЛЫНАДЫ
Уәлиханов көшесінде жалпы ұзындығы 2346 км болатын 2 учаске қалпына келтірілуде - Махамбеттен бастап Канцевпен қиылысқа дейін және Канцевтен Сырым Датовқа дейін. Көлік жолы 4 жолаққа дейін кеңейеді. Уәлиханов көшесінің Махамбетке шектесетін жол учаскесінде симметриялы түрде Махамбеттен Уәлихановқа және Уәлихановтан Махамбетке оңға қарай бұрылатын бағдаршамға тәуелсіз 2 жол салынады. Осы көше бойындағы жаяу жүргіншілерге арналған тротуарларға кеспе тастар төселеді. Уәлихановта ашық типтегі 2 аялдама павильонын орнату қарастырылған. №9 мектепті қалпына келтіру шеңберінде 50 орындық автотұрақ алаңы салынады. Оқу жылының басында осы учаскелердегі жұмыстарды аяқтау жоспарланған.
«КЕСІЛГЕН АҒАШТАН КЕМ ОТЫРҒЫЗБАЙМЫЗ»
Көшелерді кеңейту кезінде ағаштарды кесу мәселесін де назардан тыс қалдыра алмадық.
- Өкінішке орай, кеңейту аймағында жасыл-желектер бар боп шықты. Жобада ағаш кесумен қатар алдағы маусымда ағаш көшеттерін отырғызу қарастырылған. Қаламыздағы ағаштардың кесілетіндігіне риза болатын адам жоқ. Тапсырыс берушімен және ағаштарды кесу және отырғызу жұмыстарын атқаратын «Жасыл Атырау» мердігер компаниясымен бірлесіп, қалпына келтіру жұмыстары басталғанға дейін осы ағаштарды көшіріп отырғызу тәжірибесін жүргіздік. Көктемде біз 20 ағашты қазып, басқа жерге көшіріп, суарып, күтім жасадық. Өкінішке орай, ағаштар жаңа жерде тамыр алып кете алмады, - деді АИС өкілі. - Біз жоба аясында жұмыстарды атқара отырып, ағаштарды мүмкіндігінше сақтап қалуға тырысамыз. Мәселен, Уәлихановтың Датов көшесімен шектескен бөлігін ішінара өзгертіп, жеке учаске иелері отырғызған жетілген ағаштары бар жерлерді сақтап қалдық. Сондай-ақ, Бейбарыс даңғылының бойындағы бөлу жолағында өсіп тұрған ағаштардың бір бөлігін де сақтап қалудың ымыралы шешімін таптық. Алдағы уақытта да осы стратегияларды ұстанатын боламыз.
Бұл көшелерді кеңейту жобасында 3 мыңнан астам әр түрлі жас көшеттерді отырғызу қарастырылған.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суреттерді түсірген автор