Атырау, 24 қараша 13:02
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Кінәлі түйелер емес

Сурет Бейнежазба
5 926 просмотра


Дала төсінде жайылып жүрген жылқының үйірі, табын-табын сиыр мен түйелер қай қазақтың да көзін қуантары анық. Әсіресе, автокөлік трассасының жиегіндегі жаңбыр суына қалың өскен шөпке еркін жайылған мал ерекше көзге түседі. Алайда, жол бойындағы түйелер мен жылқылар жүргізушілер үшін өте қауіпті, әсіресе түнде. Өткен айдағы «Атырау-Доссор» трассасындағы екі түйенің жеңіл көлікке соқтығысып, салдарынан үш адамның қаза болғаны, екі адамның  ауруханаға түскені естеріңізде болар.  

Автокөлік жолдарын күтіп ұстауға жауапты «Қазавтожол» ЖШС Атырау облыстық филиалының жол пайдалану бекеттері облыстың әрбір аудандарында орналасқан. Олардың міндетіне тек тесілген жол қабаттарын жамау ғана емес, жол жиегіндегі шөптерді де тазарту кіреді екен. Және оларға жол полициясымен бірлесе отырып, автокөлік жолдарында жолаушылар мен төрт түлік малдың қауіпсіздігін де сақтауға жұмыстану керек.



- Барынша қауіпті деген орындарда жануарлар бейнесі бейнеленген жарық шағылыстырғыш белгілер қойылса қандай жақсы болар еді. Күндіз бәрі алыстан көрінеді, ал түнде ірі жануарларды да байқамай қалып жатасың, - дейді таксистер.

Жол полициясында малға жарық шағылыстырғыш ленталарды тағу арқылы жол-көлік оқиғаларының алдын алуға болады деп отыр. Олар осы мәселені шешу мақсатында барлық облыс аудандарының әкімдігіне хат жолдаған. Әзірге Мақат ауданында ғана демеушілікпен 500-дей ірі-қараға ленталар алынған.

Жүргізушілер полиция мен жол қызметкерлеріне, айталық, «Атырау-Доссор» жолында «Мал айдау» белгілері қойылмағанын ескертеді. Сол себепті жолда көлікке қағылып, арам өлген малдарды көп кездестіруге болады.  

- Жуырда менің жылқымды күндіз  441-ші разьезд тұсында машина қағып кетіп, арам өліп қалды. Бұл маңда көптеген шаруа қожалықтарының малы жүреді. Жылқы мен түйе түз малы. Оны бақташымен бақпайды. Бірақ шаруалар өз малдарына ие болуға тырысады. Жылқымды көлік қағып өлтіргені жөнінде полицияға  арыз бердім, әлі ешкімді тапқан жоқ, - дейді Доссор кентінің тұрғыны Ғазиз ҒАБДУЛЛИН.


Ләззат Қаражанова,

Суреттерді және бейнежазбаны түсірген автор

12 тамыз 2019, 15:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.