Қытайдың шығысында "Лекима" супер тайфуны салдарынан қаза болғандардың саны 43 адамға жетті, тағы 17 адам хабар-ошарсыз кетті, деп хабарлады Қытайдың Орталық телевидениесі.
Бұған дейін 32 адам қайтыс болып, 16 адам хабар-ошарсыз кеткені туралы хабарланған болатын.
"Сағат 12.10-дағы (Нұр-Сұлтан уақытымен 10.10) ақпарат бойынша, Чжэцзян провинциясында "Лекима" тайфуны салдарынан 38 адам қайтыс болып, тағы 10 адам хабар-ошарсыз кетті", - деп хабарлады телеарна.
Қаза тапқандардың көбісі Вэньчжоу қаласының Юнцзя уезінің тұрғындары, мұнда көшкін өзенді жауып қалып, су тасқынына себеп болды. Табиғат апаты билікті миллионнан астам жергілікті тұрғынды эвакуациялауға мәжбүр етті. Чжэцзянның апат аймағында бес миллионнан астам адам бар. 173 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы алқабын су басып қалды. Тайфунның тікелей экономикалық залалы шамамен 2,1 миллиард долларға бағаланып отыр.
Жексенбі күні кешке тайфун соққан Шаньдун провинциясында бес адам опат болды, тағы жетеуі хабар-ошарсыз кетті. Жалпы алғанда, апат аймағында 1,65 миллионнан астам адам болған, билік 180 мың адамды эвакуациялады. Апат 175 мың гектар ауыл шаруашылығы алқабын талқандады, 600-ден астам ғимарат қирады.
Тайфун 10 тамызда Чжэцзян провинциясындағы Вэнлинг қалалық уезінің жағалауына жеткен болатын. Желдің максималды екпіні секундына 52 метрге жетті.
Дереккөз: Sputniknews.kz