Құлсары қаласындағы 2001 жылы демеушілікпен салынған спорт кешені он сегіз жыл бойына бірде-бір рет күрделі жөндеуден өтпеген. 400 адамға арналған кешен бүгінгі күні 1300 баланы қамтып отыр.
Ғимараттың қыста салқын, жазда ыстық болатынына қарамастан балалар мұнда күрес, таэквондо, дзюдодан жаттығады. Бізді қарсы алған қызметкерлер бірден: «Бастық жоқ, бізге суретке түсіртпеңдер» деп алдымызды орай түсті. Артынша телефон арқылы хабарласқан кешен бастығы келе алмайтынын айтты. Қанша суретке түсіртпеуге тырысқанмен, спорт кешенінің бүгінгі мүшкіл жағдайы көзге ұрып тұр. Кәріз желісі жоқ, әжетхана сыртта, жуынатын бөлмеде душ жұмыс жасамайды. Едендер мен есіктер сықырлап, құлағалы тұр.
Ал, осы кешенге қарайтын аудан орталығындағы «Самал» спорт мектебі де апатты жағдайда тұр. Бұрынғы жатақхананың орнына көшірілген мектептің әбден тозығы жеткен. Бокс, баскетбол, волейбол, футбол, күрес секцияларының жаттығу бөлмелерін мүлдем жарамсыз деуге болады.
Спорт кешені мен спорт мектебіндегі сұрықсыз көрініс аудан орталығындағы стадионда да қайталанды. Үш мың адамға арналған жазғы стадион осыдан 11 жыл бұрын демеушілікпен салынған екен. Қоршаулары қираған, жаңбыр жауса ортасы суға толады, қысқасы, қараусыз қалған.
- Спорт кешендерінің күйі кетіп тұрғаны рас. Оны несіне жасырамыз, біресе облыстық спорт басқармасына, біресе аудан әкімшілігінің балансысына көшірді. Айналып келгенде осындай жүдеу қалыпқа түсіп отыр. Спортқа ынта білдірушілер саны жылдап артып келеді, кешендерде тек 17 жасқа дейінгі балалар жаттыға алады. Сонымен бірге қалада жекпе-жек, каратэден екі ақылы клуб жұмыс жасайды. Бұған балалардың бәрі бірдей бара алмайды. Мектептердегі спорт залы өзінен ауыспайды. Негізі ересектер үшін де спорт кешендері керек, - дейді аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі бастығының м. а. Абзал БЕКЕНОВ.
Бекеновтың айтуынша, Құлсарыдағы спорт кешенін күрделі жөндеуге 93 млн теңге қажет болса, ал, биыл бюджеттен тек 18 млн теңге бөлінген. «Самал» спорт мектебі бұзылып, орнына жаңа мектеп салынуы керек. Ал, стадионның сметасы жасалып, бүгінгі күні сараптамаға жіберілген екен. Жалпы аудандағы жастардың 21590-ның 4736-сы спортпен шұғылданады десек, мұнайлы Құлсарыға сөзсіз замануи үлгідегі спорт кешенінің қажет екені анық. Алайда, бұл алдағы уақыт еншісінде, ал оның қашан жүзеге асатыны белгісіз.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА,
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор