10 тамызда «Мұнайшы» стадионында «Атырау» және «Қайсар» (Қызылорда) командалары арасында футболдан ел чемпионатының 22-турының матчы өтті. Ойын қонақтардың пайдасына 1: 3 есебімен аяқталды.
Бұған дейін «Қайсар» чемпионаттың турнирлік кестесінде 5-ші орында тұрған еді. Осы жеңістен кейін тағы бір немесе екі сатыға көтерілуі мүмкін (22-тур ойындарының көпшілігі 11 тамызға жоспарланған). «Атырау» - аутсайдерлердің бірі, 10-шы орында тұр. Егер осылай ойнауды жалғастыра берсе, «Ертіс» (Павлодар) және «Ақтөбе» командаларымен бірге Премьер-лигада қалу үшін күреседі.
Командалардың бас бапкерлері Олег Дулуб («Атырау») және Стойчо Младенов («Қайсар») матч алдында шәкірттеріне ашық ойнауды бұйырған еді. Естеріңізге сала кетейік, 22 қыркүйекте бұл қарсыластар ҚР Кубогының финалында кездеседі (ҚФФ матчты қай жерде өткізетінін әлі шешкен жоқ).
Бірінші тайм командалардың кезек-кезек шабуылдарымен өтті. Төрешінің үзіліске берген ысқырығы кезінде есеп 1: 2 болды, қонақтар басым түсті.
«Қайсар» бір ойыншының - Армения құрамасының 26 жастағы ойыншысы Тигран Барсегянның күш-жігерінің арқасында мықты болды. Қызылордалық клуб құрамында футболшы осы маусымның басынан бастап ойнай бастады. Бүгінгі «Атыраумен» кездесуге дейін ол қарсыластарының қақпасына 8 гол соғып, өз командасының ең мықтысы болып саналады. «Атырауға» қарсы матчта Тигран өз жетістігін 11 голға жеткізді.
Шындығында ойын қызықты өтті. 31-минутта Тигран оң қапталдан «Атыраудың» айып алаңына кіріп, алаң иелерінің қақпашысы Антун Маркович оның аяғының астынан допты алмақ болып, аяғымен қағып қалуға тырысты. Төреші 11 метрлік айып добын – пенальтиді көрсетті. Оны «жәбірленушінің» өзі жүзеге асырды.
Осыдан 6 минут өткеннен кейін Қуаныш Қалмұратов қорғаушы Михаил Габышевке өкшемен пас берді, ол допты шабуылшы Иван Антиповке жолдады. Иван допты қақпаға дәл тигізді. «Қайсар» қақпашысы Григоренко ештеңе істей алмады. Есеп 1: 1.
Бірақ бірінші таймға қосымға берілген уақытта Барсегян оң қанаттан Марковичтің қақпасына доп соғатын қашықтыққа жақындап, бұрыштан қақпаның алыс бұрышына соқты. Есеп 1:2 болды. Екінші таймның басында Барсегян алдыңғы әрекетін қайталап, тағы да жетістікке жетті. Осыдан кейін ғана О.Дулуб өзіне сеніп берілген алаңда Барсегянға қарсы тұра алмаған қорғаушы Айболат Макуовты Андрей Шабаевпен алмастырды. «Атырау» ойыншылары шабуыл жасауға ұмтылды, бірақ қайда...
43 күннен кейін ҚР Кубогының финалында «Атырау» барлық қателіктерді ескеріп, «Қайсардан» есесін қайтарады деп сенеміз.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суреттерді түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ