Мұнайлы астананың «ЭКСПО-2017» көрмесіне ұсынатын жобасы ретінде дайындалған Исатай ауданы, Манаш ауылындағы жел электр станциясы жақында орталық жүйеге толық қосылды.
Оның қуаты желдің толық күшімен 52 МВт құрайды. Ал, бұл сала мамандарының айтуынша, облыстағы электр энергиясының жетіспеушілігін барынша төмендетуге көмектеседі екен.
Далада табиғи желмен айналып тұрған жел қондырғыларының тарифі біз ойлағандай арзан емес. Халыққа «Атырау Жарық» сатып отырған тарифтен 4 есеге қымбат. Яғни, 1 киловатт 25 теңгеден бағаланған.
Өздігінен қуат беріп тұрған станцияның тарифі не үшін мұнша қымбатқа шығады?
Бұл сауалды Атырау облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұрат ИҒАЛИЕВКЕ қойған едік.
Басқарма басшысының айтуынша, инвестор тарту арқылы жасалған әрбір жоба іске асқан уақытта кәсіпкерге шығынын өтеуі тиіс. Сол себепті оның тарифі 25 теңгеге бағаланған.
- Алайда бұл тарифтің қымбаттауына әсер етпейді. Жел электр станциясының толық қуаты орталық желіге қосылғанымен ортақ энергия халыққа 6 теңгемен сатыла береді. Ал, үстіндегі қалған қаржыны инвесторға үкімет қаулысымен құрылған «Жаңартылған энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы» ЖШС өтейтін болады, - деп түсіндірді.
Манаштағы қуаты 52 МВт болатын станция «Ветроэнерготехнологии» ЖШС қаражатымен 12,3 млрд теңгеге салынған. Станция желдің күшімен ғана энергия беретіндіктен, оның ай сайынғы жіберетін қуаты желге тәуелді. Айталық, станция іске қосылған бір ай ішінде 40 мегаваттқа дейін энергия берген. Бұл Атырау жылу электр орталығы берген энергияның 10 пайызы.
«АЖ» анықтамасы: Мердігер компания өңірімізде үнемі күшті жел болатын жерді таңдауға екі жылдай уақыт жұмсап, Исатай ауданындағы Манаш ауылына жақын жердегі учаскені лайық деп тапқан. Осы жерде жоғарыдағы желдің орташа жылдамдығы жыл бойына секундына 8-10 метр болады. «Жел қағарлардың» қалыпты жұмыс істеуі үшін желдің жылдамдығы 4-тен 25 м/с-қа дейін болу қажет. Жел күшейген жағдайда қондырғы автоматты түрде өшіп, қолайлы ауа райын күту режиміне ауысады. Жел электр қондырғыларының жалпы биіктігі 100 метрден асады, 4 секциядан тұратын тіреу салмағы 148 тоннаны, генератор 58 тоннаны, ал «винт» қалағының салмағы 21 тоннаны құрайды. Бір қалақтың ұзындығы 32 метр, ал ротормен бірге осы алып «пропеллердің» диаметрі 65 метр.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ