Сұраныс ұсынысты тудырады: http://garden.atyrau.gov.kz (бұл балабақшаға жолдама беретін ресми сайт) автоматтандырылған жүйесінің енгізілуіне байланысты балаларды мектепке дейінгі мекемелерге орналастыру бойынша өз қызметтерін ұсынатын жандар пайда болды, әрине, тегін емес.
Осындай пысық жандардың бірі әлеуметтік желіге: «Балабақшадан орын алуға көмектесемін, 10 000 теңге, төлем орын алғаннан кейін аударылады, баланың ЖСН-ін 8 7 ххххххххх нөміріне жіберіңіз», - деген хабарландыру жазыпты. Әрине, мен бұл адамның қалай «жұмыс істейтінін» білуге тырысып, қоңырау шалдым. Бірақ телефон ажыратулы болды.
Мен өзім былтыр алғаш рет делдалсыз қызыма жолдама алдым, содан кейін оны үйге жақын басқа балабақшаға орналастыру үшін қайтадан өтініш бердім. Үнемі сайтты жаңартып отырдым, таңертең ертемен кіріп, ақыры мақсатыма жеттім. Бірақ мұны жасауға ерінетін немесе қалай жасалатынын түсінбейтін адамдар бар, - дейді сайтты жасаушы Руслан КОВЖАСАРОВ.
- Бастарын ауыртқысы келмейтін де, жүйені жақсы меңгеріп алып, онымен жақсы жұмыс жасап, пайдалана алатын адамдар да бар. Тек екі тарап та заңды бұзып жатқанын түсінбеуі мүмкін. Өйткені, жеке тұлғалардың мемлекеттік қызмет көрсетуге құқығы жоқ және олар бұл үшін салық төлемейді. Бұл жерде айыппұлдан бастап қылмыстық іс қозғауға дейін жаза қарастырылады, бірақ мен бұл сұрақтарға жауап беруге құзырлы емеспін. Өз атымнан айтарым, біздің жүйеміз заңға сәйкес жұмыс істейді және жеке мәліметтер сенімді қорғалған.
Мен қалалық білім бөлімінің бастығы Фаруза ШАНГЕРЕВАҒА қоңырау шалдым. Ол өз кезегінде мұндай қызмет туралы білетіндігін растады.
- Біз өзіміз ешқандай жазалау шараларын ала алмаймыз, сондықтан біз осындай хабарландырулардың скриншоттарын арызбен бірге прокуратураға жібердік. Өз тарапымыздан қалалық білім беру бөлімінің ғимаратынан арнайы көмек көрсету кабинетін аштық. Онда біздің қызметкер бәріне көмектеседі, сайт арқылы балабақшаға жолдаманы қалай алуға болатындығын түсіндіреді. Өйткені компьютерді, телефонды қалай қолдануды бәрі біле бермейді. Ал ата-аналарға мұндай хабарландыруларға алданып қалмаңыздар дегім келеді. Өйткені мұндай алаяқтар баланың ЖСН-імен жұмыс істейді және оны өз мүдделеріне пайдалануы мүмкін. Сондықтан, абай болыңыздар.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА