Атырау, 24 қараша 12:58
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Салық туралы сұрақ-жауаптар

6 707 просмотра

«Ақ Жайық» газеті Республикалық кәсіпкерлерге көмек көрсету орталығымен бірге қаламыздағы кәсіпкерлер үшін арнайы ұйымдастырылған «Салықтар бойынша сұрақ-жауап» айдарын іске қосады. Орталық директоры Дмитрий КАЗАНЦЕВТІҢ өзі барлық сұрақтарыңызға қарапайым және түсінікті тілде жауап береді. Сұрақтарыңызды редакцияның editors@azh.kz электронды поштасына жібере аласыз.



Дмитрий КАЗАНЦЕВ салықтар туралы сұрақтарымызға жауап береді


ЖШС ҚАЛАЙ ЖАБЫЛАДЫ?

- Тәжірибем болмай, ЖШС ашқан едім. Аса көп ештеңе сұрамады, барлығын толтырдым. Жалғыз өзім жұмыс істедім, ісім өрге баспады. Енді ЖШС-ны қалай жабуға болады?

- ЖШС жабу ұзақ әрі шаршататын рәсім. Сізге банктегі есеп шоттарыңызды жабу керек, ЖШС-ні тарату туралы газетке хабарландыру беріп, содан кейін ХҚКО-на өтініш беру керек. Әрі қарай тарату туралы есеп тапсырып, салық инспекциясында тексерістен өтеді. Мұның бәрі 3-тен 6 айға дейінгі уақытта алады.

Заңға сәйкес ҚҚС төлемеген және аз айналымы бар адамдар үшін ЖШС жабудың жеңілдетілген тәртібі бар, бірақ іс жүзінде жабудың жеңілдетілген рәсімі әлі жұмыс істемейді.

Мен сізге әзірге ЖШС-ны тоқтата тұруды ұсынамын (әрі кеткенде 5 жылға), алдағы жылдары ЖШС жабудың жеңілдетілген рәсімінің іске қосылатындығына сенімдімін, содан кейін ғана серіктестікті жабуыңызға болады.

Тағы бір нұсқа: ЖШС қажет адамды тауып, компанияның үлесін беру туралы нотариалдық мәміле жасау.


ЖИДЕКТЕР САУДАСЫНА АРНАЛҒАН САЛЫҚ

- Әжей өз бақшасында өсіп жатқан жидектерді, көкөністерді сатады. Мұндай сауда үшін ЖК ашу қажет пе?

- Егер әжей бәрін өз бақшасында өсірсе, онда ЖК ашпай, БЖТ (биыл Қазақстанда пайда болған Бірыңғай жиынтық төлем) төлеуге болады. БЖТ-ның қолайлылығы сол - ЖК ашудың, есеп тапсырып, жабудың қажеті жоқ. Яғни, егер әжей көкөніс сатса, жидектер тек шілде-тамызда ғана шықса, онда ол екі айға БЖТ төлейді, содан кейін төлемеуіне болады. БЖТ бойынша төлем  - республикадағы қалалар мен облыс орталықтары үшін 1 АЕК (2525 теңге), ал басқа елді мекендер үшін 0,5 АЕК (1263 теңге) болады.


ДҮКЕНГЕ ЖК АШУҒА БОЛАДЫ

- Егер сатушылар жұмыс істесе, мен жеке кәсіпкер ретінде дүкен аша аламын ба?

- Иә, ЖК аша аласыз. Сізде қызметкерлер болатындықтан, салық салудың екі режимін: жеңілдетілген және жалпы белгіленген режимді таңдай аласыз. Жеңілдетілген режимде сіз ешқандай шығындарды есепке алмай, бүкіл айналымыңыздан 3% салық төлейсіз. Жалпы белгіленген режимде таза табыстың 10% мөлшерінде салық төлейсіз. Яғни, сіздің барлық ресми шығындарыңыз (тауарларды сатып алу, жалақы, жалдау, коммуналдық қызметтер және т.б.) осы жерде есептеледі.

Ресми шығындар дегеніміз - құжаттары бар шығындар (шот-фактура және чек), егер бұл құжаттар болмаса, онда бұл шығындарды шығыстар бөлігіне кіргізе алмайсыз.

Азық-түлік дүкені үшін де сізге кассалық аппарат пен POS-терминал қажет. Егер сіз алкоголь сатсаңыз, сізге алкоголь өнімдерін бөлшек саудада сатуға лицензия қажет болады.

Сіз біздің орталыққа келіп, ақысыз ЖК ашып, салық басқармасына тапсыратын есептемелер бойынша кеңес ала аласыз.


САЛЫҚ ҚЫЗМЕТІНЕ ШАҒЫМДАНАМЫЗ ДЕЙДІ

- Пәтерімді туыстарыма мардымсыз бағаға жалдаған едім - айына 15 мың + коммуналдық қызметтер. Олар екі ай тұрамыз деп келісті. Бірақ 8 ай тұрды. Пәтерді босатуды сұраған едім, олар осы 15 мың теңгеден салық төлемеді деп салық қызметіне шағымданамыз деп қоқан-лоқы жасап отыр. Енді заң бойынша не істеуге болады, салықты қалай төлеуім керек?

- Коммерциялық емес жылжымайтын мүлікті жалға беретіндер және олардың кірісі жылына 3 000 000 теңгеден аспаса, ЖК ашпай-ақ, БЖТ (бірыңғай жиынтық төлем) төлей алады. Сізге кеңес: осы айдан бастап төлей бастаңыз. Төлем айына 1 АЕК (2525 теңге) болады. Банкке немесе ұялы банк арқылы төлей аласыз. Ал өткен кезең үшін ештеңе жасай алмайсыз.

Егер олар сізге кәсіпкер болмады деп арыз жазса да, сізге әрі кеткенде ескерту түрінде айыппұл салынады.


ТЕЛЕФОНЫҢДЫ ЖОҒАЛТСАҢ – ЖАҢАСЫН ТІРКЕ

- Телефонды ауыстырған кезде оны ЖШС-нің тіркеу деректерінде өзгерту керек пе? Мұны қалай жасайды?

- Бұл үшін сізге өзіңіздің ЖШС тіркелген жердегі Мемлекеттік кірістер басқармасына барып, кез келген инспекторға жүгіну керек. Олар тіркеу картасына өзгертулер енгізеді.


РЕСЕЙЛІКТЕРГЕ АШУҒА БОЛАДЫ

- Ресей азаматы Қазақстанда ЖК аша ала ма? Салынатын салық айырмашылығы көп пе?

- Иә, Ресей азаматтары Қазақстанда ЖК аша алады, бірақ, өкінішке орай, электронды түрде қате шығады. Сондықтан тіркеу үшін ХҚКО-ға жүгініңіз. Ресей азаматы салықты таңдалған салық режиміне байланысты Қазақстан азаматымен бірдей төлейді: жеңілдетілген режим - жалпы айналымның 3%, жалпы белгіленген режим - таза кірістің 10%.

 

ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН РЕЖИМГЕ КӨШКІҢІЗ КЕЛСЕ

- ЖШС үшін жеңілдетілген салық режиміне қалай ауысуға болады?

- Сізге Салық төлеушінің кабинеті арқылы ЭСҚ-мен (электрондық сандық қолтаңба) кіруіңіз қажет. Өтініштер бөлімінде «Арнайы салық режимдері» түймесі бар. Сізде бланк ашылып, оған «Ерікті ауысу» белгісін қойып, салық органының кодын көрсетіп, «Жіберу» түймесін басасыз. Осыдан кейін, 3 күн ішінде сіз жеңілдетілген режимде екеніңіз туралы хабарлама аласыз. Сізді келесі айдың 1-інен бастап жеңілдетілген режимге ауыстырғаны маңызды, яғни егер сіз өтінішті тамыз айында жіберетін болсаңыз, онда сізде жеңілдетілген режим 1 қыркүйектен басталады.

Егер құрылтайшыда немесе басшыда жеңілдетілген режимде жұмыс істейтін ЖШС болса, онда екінші ЖШС бұл режимде жұмыс істей алмайтындығын еске салғым келеді.

Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

11 тамыз 2019, 09:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.