Атырау, 24 қараша 13:06
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

КамАЗ жарық бағанасын құлатып кетті

Бейнежазба
3 519 просмотра


Қожақаев - Құнанбаев көшелерінің (Балықшыда) қиылысынан өтіп бара жатқан тіркемелі КамАЗ көлігі оңға бұрылған кезде жаяу жүргіншілерге арналған жарық бағанасын құлатып кетті.

Бұл заң бұзушылықты Атырау жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары тіркеп алған. Бейнежазбада жүргізуші мен оның серігінің кабинадан шыққаны, содан соң бағаналарды жол жиегіне ысырып тастап, әрі қарай қозғалғаны анық көрініп тұр. Жаяу жүргіншілерге арналған жарық бағанасы жақында ғана орнатылған. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі келтірілген залалды 814 999 теңге 68 тиынға бағалады.

Көлік жүргізушісі жазадан құтыла алмады. Полиция бөлімінде ол оқиға туралы жұмыс істейтін компания диспетчеріне хабарлағысы келгенін, бірақ телефон қоңырауын күте алмағандықтан оқиға орнынан кетуге мәжбүр болғанын айтты.

Сонымен бірге, тәртіп сақшыларымен әңгімелесу барысында ер адамның өзімен бірге жүргізуші куәлігі болмай шықты. Ал ол өзі құлатқан бағананы қарау үшін кабинадан шыққан сәтте куәлігін жоғалтып алғанын айта бастады.

- ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 610 және 611-баптары бойынша толтырылған хаттамалар сотқа жолданды, - деп хабарлады Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі. «Көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiк құралдарының немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген бұзушылығы» деп аталатын 610-бабында он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға немесе тоғыз айға дейінгі мерзiмге көлiк құралын басқару құқығынан айыру жазасы қарастырылған.

Ал «Жүргізушінің жол-көлік оқиғасына байланысты міндеттерді орындамауы» деп аталатын 611-бабы бір жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады. Осылайша, жүргізуші ТКШ бөлімі белгілеген бағана үшін төлемақы төлеуден басқа, айыппұл төлеп, жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін.



Зульфия ИСКАЛИЕВА

Сурет пен бейнежазбаны ұсынған ПД баспасөз қызметі

9 тамыз 2019, 15:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.