Атырау, 24 қараша 12:57
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Картоп пен жұмыртқа ғана сырттан келеді»

3 301 просмотра


Өткен жылы жергілікті бюджетте субсидияларды төлеуге 1,2 миллиард теңге бөлінгені, алайда, оның 800 миллион теңгесі жыл соңында республикалық бюджетке игерілмеген қаржы ретінде қайтарылғаны естеріңізде болар. Осы мәселе Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат НҰРЛЫБАЕВТЫҢ қатысумен өткен брифингте  тағы да айтылды. 

- Біз субсидияны кәсіпкерлердің жыл ішінде аяқталады деген жобасына байланысты аламыз. Алайда кәсіпкерлердің тарапынан кейбір ірі жобалар  аяқталмай қалып, көптеген қаржы кейін қайтып жатады. Субсидия республикалық бюджеттен бөлінетін болғандықтан жылдың соңына дейін құжаттар тапсырылуы тиіс.  Былтыр құжаттарын уақытылы тапсырмауынан «Алмалықұс» ЖШС- де мәселелер туындады.  Олар енді былтырғы тиесілі субсидиясын биыл ала алмауы мүмкін. Себебі 2018 жылы субсидия төлеу ережесі 2019-да өзгеріске ұшырады. Биылғы талап бойынша біз өткен жылғы ережемен субсидия бере алмаймыз. Аталған серіктестік бойынша ауыл шаруашылығы басқармасында тиісті тексеру жүргізіліп, әрі қарай сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне, арнайы орындарға жолданды. Егер сотқа беріп, соттың шешімі шықса ғана төленеді, - деді «АЖ» тілшісінің сауалына жауап берген Қ.Нұрлыбаев.

Басқарма басшысына қойылған келесі сауалдар:  

- Биыл облыс шаруашылықтарына қанша субсидия бөлінді? 

- Өңірдің агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық субсидияға 1,7 млрд теңге қаралды. Ол былтырмен салыстырғанда  57,8 пайызға артық. Бүгінде оның 300 млн теңгесі игеріліп отыр.

- Жергілікті өнімдердің бағасының тұрақтылығына басқарма тарапынан бақылау бола ма? Жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдері облыс тұрғындарын қанша пайызға қамтиды?

- Шаруашылық иелері өз бағасын қояды. Олардың қойған бағасына шектеу жасау – кәсіпкерге қысым жасағанмен бірдей. Біз үкімет бекіткен әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын ғана қаперлеріне береміз. 

Жергілікті ауыл шаруашылығы субъектілері картоп және  жұмыртқадан басқа өнімдермен облысты артығымен қамтып отыр. Бүгінгі күні картоппен қамту 48 пайызға, жұмыртқамен қамту «Алмалықұс», және «Бақайқұс» фабрикаларының өнімін қосқанда 70-80 пайызға орындалып отыр.

Сондай-ақ, брифингте Қайрат Нұрлыбаев биыл облыста егін көлемі өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға артық орындалып отырғанын хабарлады.

Тамыз айының басында 1510 тонна картоп, 6230 тонна көкөніс, 7762 тонна бау-бақша өнімдері жиналған.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

9 тамыз 2019, 14:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.