Атырау, 24 қараша 13:05
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Сот әрбір екінші некені сақтап қалуға көмектесті

4 555 просмотра


Жыл басынан бері Атырау қалалық сотына ажырасу бойынша 749 арыз келіп түсіп, оның нәтижесінде 382 жұп ажырасқан. Ажырасқандардың ең жасы - 21 жаста болса, ең үлкені - 63 жаста. Бұдан басқа, Сириядан қайтып келген әйелдер де соғыс алаңында қалып қойған күйеулерінен ажырасуға өтініш бере бастаған. Отбасының бұзылуы және ажырасу процесінің заңды мәселелері туралы Атырау қалалық соты төрағасының м.а. Нағима ИСКАКОВАМЕН талқылайтын боламыз. 

- Қалалық сот азаматтық істерді қараумен айналысады. Биыл ажырасуға берілген арыздар саны 106 жағдайға дейін өсті. Бұған қарап Атырауда ажырасушылар саны артты деп айтуға болмайды. Әрине, барлық органдар, оның ішінде сот орындары бұл көрсеткіштің өспеуі үшін барлық жағынан күш салады, - дейді төраға Искакова.

- Сот некелерді қалай сақтап қалмақ?

-  Жыл басынан бері – 245 іс татуласумен аяқталса, 9 тұрғын өз арыздарын кері алған. Татуласу дегеніміз – сот процесіне дейін ерлі-зайыптылармен медиатор мамандар сөйлесіп, бір ымыраға шақырады. Осылайша жыл басынан бері, сот Атыраудағы әрбір екінші некені сақтап қалып отыр.

- Ал егер ерлі-зайыптылар медиациядан бас тартса ше?

- Әрине, егер де бас тартса – сот процесіне дайындық басталып, кейін екі жақтың келісімімен, ҚР Азаматтық-процессуалдық кодекстің және өзге де құқықтық-нормативтік актілерді, шағымданушылардың құқықтарын сақтай отырып, сот шешім шығарады.

- Кейбір азаматтар ажырасу істерінің сотта ұзақ қаралатынына наразы.

- Иә, оны да естіп жүрміз. Бірақ, сот 1-2 сағатта біте салатын конференция немесе жиналыс емес. ҚР Азаматтық-процессуалдық кодекстің 164 бабына сәйкес азаматтық істерді сот талқылауына дайындау, егер осы Кодексте және басқа да заңдарда өзгеше белгіленбесе, талап қою арызы соттың іс жүргізуіне қабылданған күннен бастап 20 жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізілуге тиіс. Және кодексте көрсетілген айрықша жағдайларға байланысты бұл мерзім 1 айға дейін ұзаруы мүмкін. Ажырасу процесі 4 сот процесінің ішінде аяқталуы тиіс.

- Қалалық сотта бір судьяның жүктемесі қандай?

- Бізге тек қана жыл басынан бері – 11 мыңнан астам арыз келіп түсті. Қазір әр судья – 100 істен қарайды. Сотта екі судьяның орны бос тұр, 4 судья – бала күтімі бойынша еңбек демалысында. Бүгінгі күні сотта 13 судья жұмыс жасаймыз. Барлық судьялардың еңбек өтілімі 5 жылдан жоғары, арнайы курстар мен семинарлардан өткен жоғары білімді судьялар.

Қазір Жоғары Соттың төрағасы Жақып АСАНОВ сот корпусының сапалы болуына көп көңіл бөліп отыр. Судьялыққа үміткерлер арнайы тесттерден, Жоғары Сот судьяларымен әңгімелесуден, эссе жазудан сынаққа түседі. Бірнеше сыннан өтіп қана  - судья бола алады. Бұл өз кезегінде істердің сапалы қаралуына, сотқа сенім білдіруіне әсер етеді. Сонымен қатар судьялардың шығарған үкім-қаулылары да тексеріледі. Мысалы, бір судьяның бірнеше шешімі өзгеріп, немесе күші жойылса – оған сұрақ туындайды. Себебі әр судья өзі шығарған қаулы мен үкімге жауапты. Әр қаулы мен үкім парағының артында – адам тағдыры тұр.


КЕЙБІР ОТАҒАСЫЛАР БУКМЕКЕРГЕ ТҮНЕЙДІ

- Атыраулықтар көбінесе қандай себептермен ажырасады?

- Ең басты себеп – мінездерінің жараспауы. Бұл себеппен жыл басынан бері – 220 неке бұзылды. Одан бөлек, физикалық зәбір  көру (22 жағдай), балаға күш көрсету (1), ата-ене, туыстарының отбасы өміріне араласуы (12), ерлі-зайыптылардың бір-біріне сенімсіздігі  (27), алкогольдік ішімдікке салыну  (34), діни көзқарас бойынша (2), жұбайлардың бірінің сырқатына байланысты (1). Ескере кететін жәйт, бұл арыз саны емес, бұзылған некелердің саны. Көптеген некелер, жоғарыда айтып өткендей, татуласумен аяқталған.

- Күйеуінің букмекерлік кеңселерде құмар ойындар ойнағаны үшін ажырасқандар болды ма?

- Иә, жыл басынан  бері құмар ойынға салынғаны үшін 24 некені бұзуға арыз келіп түссе, оның 11-і бұзылған. 10 арыз – татуласумен аяқталып, 3 арызды кері алған. Әдетте, құмар ойындарына ер азаматтар жағы құмар.

- Жұмыссыздық, ақшаның жетіспеушілігі - бұл да ажырасуға себеп бола ма?

- Әлеуметтік жағдайға байланысты баласы болса да ажырасып жатады. Үйде қаражаттың жоқтығы, үй жоқтық, жұмыссыздық бойынша 42 арыз түсіп, 25 неке бұзылған. 11 неке  медиациялық татуласумен сақталып қалса, 6 арыз кері қайтарылып алынды.

- Естуімше атаулы әлеуметтік жәрдемақыны алу үшін де ажырасып жатады?

- Өкінішке орай, бұл – шындық. Бірақ сотқа арыз түсірер кезде әлеуметтік жәрдемақыны алу үшін ажырасып жатырмын деп ешкім айтпайды. 3 балалы ана ажырасып, үйде жұмыссыз отырып, 60 мың теңгедей ақша алғысы келеді. Бұл – дұрыс емес.

- Сонда олар ажырасу үшін қандай себепті көрсетеді?

- Мінез-құлқымымыз жараспады деп көрсетіп, ажырасады, бірақ күйеуімен тұра береді. Біз жалған себептерді анықтай алмаймыз, бірақ сот процесі кезінде ажырасудың ойыншық емес екенін, оның салдары бар екенін айтып, түсіндіреміз.

- Белгілі болғандай, жақында «Жусан» операциясы кезінде Қазақстанға оралған әйелдер Сирияда қалып қойған күйеулерінен ажырасу үшін өтініш түсіре бастады.

- Бұл ақпаратты растаймын. Арыздар түсе бастады, бірақ әлі қаралған жоқ. Бұл арыздарды қараудың өзіндік қиыншылықтары бар. Өйткені некелері Қазақстанда тіркелгенімен, басқа қажетті ақпарат жоқ. Елден қашан шығып кеткені, өлгені, қалай өлгені туралы ақпарат болмай отыр. Жұбайының «күйеуім өлді» деген сөзіне бола сот ажырастырмайды. Дәлелдер мен құжаттар керек.

- Қандай жағдайда ажырасуға болмайды?

- «Неке және отбасы» туралы Заңының 16-бабы 2-бөлігінде көрсетілгендей, зайыбының жүктілігі кезінде және бала туғаннан кейінгі бір жылдың ішінде некені бұзуға болмайды.


ӘКЕШІМ, АЛИМЕНТ ТӨЛЕШІ!

- Алимент төлеуге міндеттелген ата-ананың бірінің оны төлеуден өз еркімен бас тартуына бола ма? Заң бойынша қандай жағдайда алимент төлемеуге болады?

- Заң бойынша ерлі-зайыптылардың бірі алимент төлеуден өз еркімен бас тарта алмайды. Егер бұрынғы әкесі баладан бас тартып, ол баланы екінші әкесі асырап алған жағдайда асырап алу туралы соттың шешімі заңды күшіне енген кезде, бірінші әкесі алимент төлеуден босатылады. Бірақ ата-ананың баладан бас тартуы алимент төлеу міндетінен босатпайды. Сот шешімі арқылы ата-аналық құқығынан айырылса да, арыз жазып, баласынан бас тартса да, алимент төлейді.

-Кәмелет жасына толмаған балаға төленетін алимент мөлшері қалай есептеледі?

- Алимент төлеу және өндіру – сот арқылы шешілетін дау. Оны төлеудің екі жолы бар. Біріншісі – ерлі-зайыпты ажырасар кезде нотариус арқылы келісімшартқа қол қойып, алуға болады. Мысалы, бала анасында қалса, әкесі ай сайын осынша сомада немесе, айталық, 20 АЕК мөлшерінде алимент төлеп отыруға немесе табысының белгілі бір пайызын төлеп отыруға міндеттеледі. Екіншісі, ондай келісім болмаса, бұл мәселені сот шешіп береді. Алимент төлеуге міндеттелген ата-ананың бірі ай сайын бір балаға табысының 4/1 бөлігін төлесе, екі балаға табысының 3/1 бөлігін, одан көп балаға табысының 50 пайызын төлеп отыруға міндеттеледі.

- Егер азамат “жұмыссызбын” деп анықтама берсе, алимент төлеуден босатыла ма?

- Алимент төлеуге міндетті адамның жұмыссыздығы оны төлеуден босатпайды. Қандай жағдай болса да, балаға төленетін алимент мөлшері жоғарыдағыдай есептеледі, яғни табысының белгілі бөлігі бала санына байланысты есептеледі. Ал ресми жұмысы жоқ адамның табысы тұрғылықты аймақтағы орташа жалақымен есептеледі. Алиментті қарыз ретінде өндіруге де болады. Ол үшін жеке сот орындаушымен бірге әрекет етіп, ол адамның атында мал-мүлкі, үйі бар ма, соның бәрін тексеріп, анықтауға болады.

Фархат ӘБІЛОВ

Суретті түсірген автор

10 тамыз 2019, 09:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.