8 тамыз күні түстен кейін Теңіз қалашығындағы «Юлмар-Сервис» ЖШС-нің 109 жұмысшысы Теңіз қалашығынан облыс орталығындағы «Нұр Отан» партиясына шағымдана келді.
Олардың осылайша Атырауға шұғыл жетуіне 17 адамның жұмысқа жіберілмегендігі себеп болған. Олар осыдан бір күн бұрын серіктестік басшыларынан еңбек жағдайын жақсартып, жалақыны көтеруді және ауысымдық жұмысқа уақытында шақыртуды талап еткен. Жұмысшылардың шағымынан соң ЖШС сол күні 17 адамды жұмысқа жібермеген. Оларға қолдау танытқан басқа жұмысшылар екі автобуспен облыс орталығына бет алады.
- «Нұр Отан» партиясына жиналған наразы жұмысшылармен жиналыс өткізіліп, комиссия құрылған. Комиссия олардың жұмысқа жіберілмеу себебін анықтайтын болады және себеп-салдары белгілі болғанша олардың еңбекақылары төленеді. Ал, оларға «қолдау» танытқан қалғандарының бір күндік жалақысы кесіледі, бірақ, жұмыс орындары сақталады. Жұмысшылармен еңбек шартына қатысты түсіндірме жұмыстары жүргізілді, - дейді Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Қахарман БАҒЫНОВ.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
P.S. «ЮМС» ЖШС – 2000 жылы құрылған қазақстандық құрылыс компаниясы. 15 адамнан құралған шағын ұжыммен еңбек жолын бастаған компания бірнеше жыл ішінде 300-ден астам жұмысшысы, қажетті арнаулы техникасы мен жабдықтары бар салмақты құрылыс компаниясы дәрежесіне жетті» делінген ғаламторда.