Облыста білім беру гранттарын бөлу арқылы кадрлардың жетіспеушілігі мәселесі шешілуде. Биылғы оқу жылында Атырау облысының әкімдігі өңірге қажетті мамандарды оқытуға 232 грант бөлді.
Бізге білім, денсаулық сақтау, ветеринария, балық шаруашылығы, дінтану, мемлекеттік аудит, ақпараттық технологиялар және т.б. салалардың мамандары қажет.
- Стипендиат осы жылдың маусым айында ҰБТ тапсырған түлектер арасынан іріктелді. Іріктеу тестілеу сертификаттарына сәйкес жүргізіледі. Өту балы 50 баллдан, ұлттық жоғарғы оқу орындарына түсу үшін 60 баллдан, медицина мамандықтары бойынша оқу үшін 65 баллдан кем болмауы керек. Студенттерді іріктеумен облыс әкімдігі жанынан арнайы құрылған комиссия айналысады, - дейді облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жансұлу ТӨРЕМҰРАТОВ.
Облыс бірнеше жылдан бері «Бакалавр» және «Магистр» бағдарламалары бойынша студенттердің оқу ақысын төлеп отыр. 2017 жылы жергілікті бюджет 222 студенттің, соның ішінде, болашақ 178 мұғалімнің, 35 дәрігердің және ветеринариялық мамандық бойынша оқып жатқан 9 студенттің оқу ақысын төледі. 2018 жылы 230 болашақ жас маман жергілікті бюджет есебінен жоғары оқу орындарында оқуға мүмкіндік алды, оның 149-ы педагогика, 56-сы медицина, 14-і автоматтандыру және басқару, 9-ы ауыл шаруашылығы, 2-уі жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің технологиясы және дизайны бөлімдерін таңдаған.
Бұдан басқа, 16 студент «Өңірлік экономиканы дамыту бағдарламасы» және «Жер пайдалануды басқару» бағдарламалары аясында магистрлерді даярлау жөніндегі білім гранттарының иегерлері атанды.
Грант алуға үміткерлер өтініштерін 10 тамызға дейін Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университетінің қабылдау комиссиясына қалдыра алады. Конкурсқа қатысу үшін келесі құжаттар қажет: белгіленген үлгідегі бланкке жазылған өтініш, білімі туралы құжат (қабылдау комиссиясына құжаттарды тапсырған кезде телнұсқасы), ҰБТ сертификаты, 086-У нысанындағы медициналық анықтама, жеке бас куәлігінің көшірмесі, сонымен қатар, талапкерлер көп балалы және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасынан шыққан балалар мәртебесін растайтын құжаттар ұсынуы тиіс.
Зульфия ИСКАЛИЕВА