Атырау полициясы психотроптық дәрілік препараттарды сатуға қарсы күресті күшейтті. «Қауіпсіз аула» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында полицейлер әсері күшті, ауырсынуды басатын 64 бірлік препаратты тәркіледі.
24 жастағы Атырау қаласының тұрғынын тәртіп сақшылары Азаттық көшесіндегі аулалардың бірінде ұстады. Дәрігердің рецептімен ғана сатылатын дәрілік препаратты заңсыз сатқаны үшін әйел қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
- Азаматшаға қатысты ҚР ҚК-нің 296-бабының 2-тармағы (Есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді, прекурсорларды өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, - деп хабарлайды Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Осы бап бойынша әйелге 60 АЕК - 151 мың 500 теңге айыппұл салынады.
Естеріңізге салсақ, көп жағдайда офтальмологияда қолданылатын препарат туралы айтамыз. Көзге тамызған кезде ол қарашықтың уақытша ұлғаюына әкеледі және ауырсынуды жояды. Алайда, есірткіге тәуелді жандар дәрі-дәрмекті басқаша қолданады: олар оны көктамыр немесе бұлшықетке енгізеді. Қазір бұл санат бойынша наркологиялық диспансерде 164 адам тіркелген.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті ПД баспасөз қызметі ұсынды