Атырау, 24 қараша 13:03
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Атыраудағы жылжымайтын мүлік нарығы: бір метрі 1000 доллардан төмен

3 449 просмотра


Жаз бен күздің басы әдетте жылжымайтын мүлік нарығында сатылым көп болатын маусым болып саналады. Атырау тұрғындары қайдан және қандай баспана сатып алғанды жөн көреді? Бұл туралы риэлторлар әңгімелейді.

ӘДЕМІ ӘРЛЕНГЕН ПӘТЕРЛЕРДІ ІЗДЕЙДІ

Қазақстандағы, әсіресе, Атыраудағы жылжымайтын мүлік нарығы ревматизмге шалдыққан жан секілді, ауа-райына сезімтал келеді. Күздің ортасында және көктемге дейін нарық бір қалыпта тұрады. Жеріміздің лайсаңдығы, балшық, жел және соған байланысты кептелістер ықтимал сатып алушыларды райынан қайтаратын секілді. Нарық белсенділігіне тікелей әсер ететін тағы бір фактор - доллар бағамының құбылуы. Бағам құбыла бастағанда, нарықтағы мәмілелер тоқтайды, сатып алушылар мен сатушылар сатып алу-сату процесін баяулатады. Бірақ жалпы, тұрғын үйдің бір шаршы метрінің орташа құны бірнеше жыл бойы өзгеріссіз қалып отыр. Статистика басқармасының мәліметіне сәйкес, бірінші деңгейлі нарықта шаршы метрі 326 мың теңгеге, екінші деңгейлі элиталық нарықта 262 мың теңгеге, жайлы үйлерде 263 мың теңгеге және жайсыз пәтерлер нарығында 130 мың теңгеге тең.

Жергілікті риэлторлар соңғы кездері мәмілелерге тән ерекшеліктерді атап өтті: клиенттер жаңа үйлерден және әрлеу жұмыстары толық жасалған пәтерлерді алғанды жөн көреді. Көп адамдар тұрғын үйді ипотекаға сатып алатындықтан, пәтерлер банк талаптарына сәйкес келуі тиіс. Бұл - біріншіден. Ал, екіншіден, егер жылжымайтын мүлікті сатып алу қаржы салу ретінде қарастырылса, онда 2000 жылдан кейін салынған жаңа ғимаратты алған жөн. 80-90 жылдары салынған пәтерлер қай жағынан да ескірген. Үшіншіден, 3-сыныпты жаңа бюджеттік үйлердің бағасы Азаттық бойындағы, Авангард пен Привокзальныйдағы пәтерлердің бағасымен барабар. Сәтпаев даңғылы бойындағы екінші деңгейлі тұрғын үй бағасы жоғары сыныпты жаңа үйлердегі пәтер құнымен оңай бәсекелесе алады. Егер жаңасын алу мүмкін болса, ескі пәтер алудың қажеті қанша? Жаңа пәтерлер алу үшін төртінші себеп - бұл үлкен ас үйі мен бірнеше санитарлық тораптары бар заманауи жоспарланған баспаналар. Толық әрленген пәтерлерге келер болсақ, ол әрлеу жұмыстары жасалмаған пәтерлерден аса қымбат емес – шаршы көлеміне қарай, орташа алғанда 1-2 миллион.


БӘРІ ЕУРОПАНЫ ҚАЛАЙДЫ

Аудан таңдағанда, әдетте қаланың еуропалық бөлігіне таңдау жасалады. Мұнда дамыған инфрақұрылымға, сауда орталықтарының, мектептердің, балабақшалардың қолжетімділігіне, аулада көлік тұрағының болуына, өзен мен саябақтардың жақындығына баса назар аударылады.

- Балалы отбасылар үшін мектептің жақын орналасқаны маңызды, әдетте 16-шы мектеп-лицейді, СТГ, Назарбаев мектебін таңдайды. Олардың барлығы Еуропа бөлігінде орналасқан. Егер сатып алушылардың балалары болмаса немесе олар әлі кішкентай болса, сәби ойнайтын алаңдары бар жағалау бойын, сауда үйлері мен мейрамханаларға жақын жерді таңдайды. Көбінесе Еуропалық бөліктен қарастырады, - дейді риэлтор Алина Макензи


АТЫРАУДА ЛИФТІГЕ СЕНБЕЙДІ

Жылжымайтын мүлікті сатып алу кезінде үйдің орналасқан қабаты да маңызды - жаңа немесе ескі үй екендігіне, қаланың азиялық немесе еуропалық бөлікте орналасқандығына, әрленген немесе әрленбеген нұсқада екендігіне қарамастан, бірінші және ең үстіңгі қабаттағы пәтерлерді сату қиынға түседі.

Бірінші қабаттағы пәтерді қауіпсіздік тұрғысынан алмайды. Адамдар тоналудан, масадан, жертөленің иісінен қорқады. Терезелерін үнемі жауып қойғанды қаламайды. Ал ең үстіңгі қабаттарда үйдің дымқыл тартуынан қорқады. Сонымен қатар, лифтінің істен шығуынан да сақтанады.

Көбінесе сатып алушылар бір және үш бөлмелі пәтерлерге қызығушылық танытады. Бірінші нұсқа жылжымайтын мүлікке инвестиция ретінде пайдаланылады немесе оны басы бос жігіттер мен қыздар сатып алады. Ал отбасы барлар, балалары жоқ болса да, әрі қарай толыққанды балалар бөлмесін жабдықтауды жоспарлап, үш бөлмелі пәтерлерді сатып алады.


ІРІ КОМПАНИЯДА ЖҰМЫС ЖАСАЙТЫН САТЫП АЛУШЫЛАРДЫ ЖАҚСЫ КӨРЕДІ

- Сатып алушылардың белсенді топтарының бірі - тұрғын үй сатып алуға қарыз беретін ірі компаниялардың қызметкерлері. Мұндай жағдайларда олар жаңа тұрғын үй кешендерінен баспана сатып алады. Сатып алушылардың көпшілігі үшін баспана  үлестік қатысу келісімшарты бойынша салыну кезеңінде қолжетімді болады, - деп әңгімелейді риэлтор Андрей БУРОВ. Әдетте, құрылыс компаниялары сатылымдарды риэлторлардың қызметіне жүгінбей-ақ, тіпті, жарнамаға қаржы салмай-ақ өздері жүзеге асырады. Ұзынқұлақ арқылы қалада құрылыс жұмыстарының басталғаны туралы жаңалықтар таралып, пәтерлердің көп бөлігі «үлестік қатысу» бағдарламасы бойынша сатып алынады.

Екінші деңгейлі тұрғын үй нарығына келетін болсақ, мұнда жақсы тұрақ, балалар үшін қауіпсіз ойын алаңы, автономды жылу және энергиямен жабдықтау жүйесінің болуы, ПИК жұмысының сапасы маңызды рөл атқарады.

Статистика комитетінің мәліметінше, қаңтар-мамыр айларында Атырау облысындағы тұрғын үй құрылысына 27 миллиард 688 миллион теңге қаржы салынып, 318 854 шаршы метр пайдалануға берілген.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

8 тамыз 2019, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.