ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев 1 шілдеден бастап ішкі, әсіресе қалаға кіретін жолдағы бекеттерді қысқарату жөнінде тапсырма берген болатын. Оның орнына бейнебақылаулар орнатылып, ол нысандарды жылыну және дағдарыс жағдайлары үшін пайдаланатын қонақүйлерге айналдыру көзделген еді. Біз сондай бюджет қаржысына салынған - Доссордағы және Индер ауданы Елтай селосында екі бекетті тексеріп көрдік. Қазір олар иесіз қалған.
2009 жылы мемлекеттік қабылдау комиссиясымен қабылданған «Доссор-Атырау» бекеті коммуникация тартылмаған күйі бүгінгі таңда жол бойындағы әжетхананаға айналды. Бұл бекетке бюджеттен 11 млн 270 мың теңге жұмсалды. Кейін бұл нысанды Мақат аудандық ТКШ балансына берді деп хабарлады аудандық қаржы бөлімінің басшысы Света СЕРБАЛИЕВА.
Ал, министрдің тапсырмасынан кейін бекеттің «тағдыры» қалай болатынын Мақат ауданы әкімінің орынбасары Хайдар ТӨЛЕУІШЕВ те нақты айта алмады.
- Ол нысандарды сатып алуға жеке кәсіпкерлер де қызығушылық танытпады, - деді ол.
Ал, Елтайдан 25 шақырым жерде «Атырау-Орал» тасжолында орналасқан екінші бекеттің ғимараты мүлдем сүріліп қалған.
- Бізге бастапқыда күзетші қойыңдар деді. Айдаладағы не терезе, не есігі жоқ, түгел кірпішпен бітелген ғимаратты қалай күзетеді, күзетші қайда отырады, әрі елді-мекеннен бірнеше шақырым алыс. Бұған ешкімді шығара алмадық. Акырында бірнеше жылдан иесіз қалған нысанның бір бөлігі құлап қалды. Амал жоқ, оны бұзып алуға тура келді, - дейді Елтай округінің әкімі Ербол ДҮЙШІМ. - Ғимараттың өзі жоқ болса да, әкімшілік балансысында әлі тұр.
Жол полициясының ұсынымен салынған осы бекеттердің құрылысына 2007-2008 жылдары бюджеттен 22 млн 540 мың теңге бөлінді.
Ал «Атырау-Орал», «Атырау-Индер», «Атырау-Ақтау» бекеттері толығымен облыстық ТКШ қарамағына берілген. Бүгінде бұл ғимараттар да бос тұр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген автор