1 тамызда, Мақат ауданы Доссор кентінде тағы да бір газ құю бекеті ашылды. Бұл жолы аудандағы және Доссор кенті арқылы өтетін транзиттік көліктерді газбен қамтуды – «PromGazBP» ЖШС қолға алды. Атап өту керек, жаңадан ашылған газ құю бекетінде газ бағасы өзгелерге қарағанда едәуір төмен.
«PromGazBP» газ құю бекетінің ашылуына келген кент ақсақалдары мен тұрғындары қуаныштарын жасыра алмай, «PromGazBP» ЖШС директоры Балжан ИСАКҚА өз алғыстырын білдірді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша газ және жанар-жағар май құю бекеттері ашылған сайын, бағалары жоғары болады, ал «PromGazBP» ЖШС бұл стереотипті сындырып, газ бағасын өзгелердегідей 70 теңге емес, 60 теңгеден бекітті. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының арзан әрі сапалы газға қол жеткізуіне мүмкіндік береді.
- Қазіргі таңда Доссор поселкесінде 7 газ және жанар-жағар май құю станциясы бар. Бүгінгі ашылып жатқан газ құю станциясы тек поселке тұрғындары үшін ғана емес, Доссор арқылы Маңғыстау облысы, Ресей, Түркіменстан, Өзбекстан және өзге де Азия елдеріне өтетін автокөліктер үшін өте ыңғайлы,- дейді аудандық мәслихат хатшысы Қуаныш ИСМАГУЛОВ. - Өйткені жол айрықта орналасқан. Сонымен қатар осы «PromGazBP» ЖШС газ құю станциясы автокөліктерге де ыңғайлы етіп салынған. Бұл да кәсіпкерлердің жоғары жауапкершілігін білдіреді.
Газ құю бекетінің салтанатты ашылуында сөз сөйлеген Мақат ауданы әкімінің орынбасары Хайдар ТӨЛЕУІШОВ жаңадан ашылған бекеттің аудандағы көліктер ағынының көбеюіне қосатын үлесі зор екенін атап өтті:
- «PromGazBP» ЖШС-нің жаңадан ашылып жатырған газ құю станциясының төмен бағада газ ұсынуы – қуантарлық жағдай. Өйткені қазіргі таңда жанар-жағар майдан кетіп, көліктеріне газ орнатқан жүргізушілердің саны артуда. Барлық қауіпсіздік талаптары сақталған газ құю станциясы аудан халқы үшін қызмет ететініне сеніміміз мол, - деді Хайдар Төлеуішов.
«PromGazBP» ЖШС – 2017 жылы Атырау облысында құрылып, қазіргі таңда жедел дамып келе жатырған жас кәсіпорындардың бірі. Оған дәлел – аздаған уақыт ішінде компания Атырау облысы аумағында 12 газ құю бекетін ашып, 5 млн литр газ сатып үлгерген. Сонымен қатар, «PromGazBP» ЖШС Атырау облысы бойынша 15 мыңнан астам тұрақты клиенттерін тауып, 110 тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
- Біз тек облыс орталығында ғана емес, шалғай аудандарда да газ құю бекеттерін ашуды алға қоямыз. Өйткені Атырау облысының әр тұрғыны сапалы әрі төмен бағадағы газға қол жеткізу керек, - дейді «PromGazBP» ЖШС директоры Балжан ИСАК. – Осы газ құю станциясын ашқан кезде, барлық құзіретті органдардың рұқсаттарын алып, өткен жылдың 9 қарашасында Мемлекеттік сәулет-құрылыс комиссиясының жоспардан тыс тексерісінен сәтті өтіп, «ескертулер мен қарсылық жоқ» деген тексеру актісін қолымызға алдық. Қазіргі таңда Доссор кентіндегі газ құю бекетінде 1 бағана ғана орналасқан. Болашақта қоршаған орта мен тұрғындардың қауіпсіздігін алға қойып, жаңа жетістіктерге жететін боламыз.
Ашылу салтанатына қатысқан кент тұрғындары мен қарияларға арналып дастархан жайылып, «PromGazBP» ЖШС-не қариялар өз батасын беріп, жұмыстарына сәттілік тіледі. Енді аталмыш газ станциясында 12 қызметкер екі ауысыммен жұмыс жасайтын болады. Солардың бірі 25-жастағы газ құю операторы Әлімжан ХАКИМОВ:
- Шыны керек, кентте жастарға жұмыс жоқ. Жаңадан газ құю бекеті ашылады дегенді естіп, қажетті құжаттарды жинап, жұмысқа орналастым. Келе сала қауіпсіздіктің жоғары деңгейіне көз жеткізіп, жұмыс сапасының жоғары екенін білдім. Бұл бекетте арнайы оқулар өтіп, қауіпсіздікке жоғары көңіл бөлінеді, - дейді Әлімжан.
Ашылу салтанаты соңында қой сойылып, кенттегі жағдайы төмен отбасыларға үлестірілді.
- Мұнайлы кентіміз үшін маңызы зор бұл нысанның кент тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсаруына оң ықпал ететіндігін, сонымен бірге 12 адам жұмыспен қамтылатындығына қуанып отырмыз. Тек қана арзан бағада сапалы газ ғана емес, жастарды жұмысқа тартқан «PromGazBP» ЖШС-не алғысымыз шексіз, - деп қуаныштарын білдірді кент ақсақалдары.
Айта кету керек, «PromGazBP» ЖШС газдың бағасын тұрақты әрі төмен ұстай отырып, өзге де шалғай елді мекендерде газ құю станциясын ашуды жоспарлап отыр. Табиғи газды моторлы отын түрінде пайдалану әлемде соңғы он жылда жеті есеге өскен. Елімізде де бұл бағыттағы жұмыс ілгерілеп, автомобильдік газ толтыру компрессорлық станциялары желісі республика бойынша даму үстінде. Бүгінгі ашылған Доссордағы газ құю бекеті қазіргі заман талабына сай сапалы технологиямен жабдықталғандығын да айта кеткен жөн. Сығымдалған табиғи газдың сұйытылған үйреншікті көмірсутегі газдары - пропан мен бутаннан айырмашылығы қоршаған ортаны зиянды қалдықтармен ластамайды. «PromGazBP» ЖШС-нің бүгінгі жаңа газ құю бекеті соның дәлелі.