Атырау, 24 қараша 13:01
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Ауруханаларды біріктірудің пайдасы

Сурет
4 221 просмотра


11 шілдеде "АЖ" сайтында облыстағы екі негізгі медициналық - перинаталды және кардиология орталықтарының басшылары ауруханаларды біріктіру бағдарламасы туралы өз пікірлерін білдірген мақала жарық көрген еді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасына да осыған қатысты пікір білдіретін уақыт келді. Басқарма басшысы Мәншүк АЙМҰРЗИЕВАМЕН Талқайраңдағы көпбейінді аурухана құрылысы мен басқа да проблемалар туралы өрбіген сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.


БІР ЖЕРДЕН - КӨП ҚЫЗМЕТ

- Мәншүк Құдайбергенқызы, қандай ауруханаларды біріктіру жоспарланып отыр, бұдан пациенттер не ұтады?

- 2025 жылға дейін стратегиялық даму жоспары бар, онда көпбейінді ауруханаларды ашу қарастырылған. Министрлік пен әкімдік желісі бойынша бүкіл параметрлердің: медициналық ұйымдар арасындағы қашықтық, жақындық, желілердің нормативтерге сәйкестігі, кадрлардың болуы, ғимараттардың тозуы және инфрақұрылым есебі жүргізіледі. Біздің ауруханалар орналасқан ғимараттардың 80 пайызы тозған. Бұл да халыққа қызмет көрсетуге жақсы жағдай жасау үшін бірігуге себеп болады. Стационарлардың жұмысын бірден өзгерту мүмкін емес, сондықтан біз бұл процесті бірнеше кезеңге бөлдік. Бұрын наркологиялық және психиатриялық ауруханалар біріктірілген болатын. Бәрі ойдағыдай өтті. Наркологтарға психикалық ауытқушылықтары бар науқастармен қалай жұмыс істеу керектігі үйретілді. Өйткені олардың науқастары ерте ме, кеш пе осында келеді. Біріктірген кезде қызмет одан да жақсы жұмыс істей бастады. Бір заңды тұлғаның басқаруы ешқандай қиындық туғызбайды. Бірақ қазір денсаулық сақтау басқармасының қарамағында өз қаражаты, мүлігі, ресурстары, күштері, персоналдары бар 37 заңды тұлға, 141 объект бар. Бүгінде кез-келген жабдықты бір ауруханадан екіншісіне ауыстыру үшін оны мақұлдатуға шамамен алты айдай уақыт жұмсаймыз. Осы уақыт бойына стационарлар, денсаулық сақтау және қаржы басқармалары арасында хат алмасулар жүреді. Ал олар біріккен кезде өз ресурстарын бөлімшелер арасында, тіпті, басқармаға ескертпей-ақ, ауыстыра алады. Болашақта Атырау облысында көпбейінді үш аурухана ашу жоспарланып отыр. Біріншісі - кардиология орталығын, онкология, дерматовенерология және босандыру (облыстық перинаталды орталық) орталықтарын біріктіру арқылы облыстық аурухана негізінде, екіншісі - Нұрсаядағы №2 облыстық аурухана негізінде болады. Онда қазірдің өзінде травматология, терапия, эндокринология, жалпы хирургия қызметтері ашылған, гепатоорталық жұмыс жасап тұр. Осы стационарға қалалық перзентхана қосылып, травматология бөлімі ашылады. Үшінші аурухана - облыстық балалар ауруханасы негізінде. Онда барлық бөлімшелер бар, біз жаңа туылған балалар хирургиясы бөлімі және пульмонология бөлімін аштық. Жанынан жұқпалы аурулар бөлімшесін салу қажет. Бұл бағытта қазір жұмыс жүріп жатыр, біз 80 кереуеттік жұқпалы ауруларға арналған корпустың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге тапсырма бердік.

Тұрғындар ауруханалардың бірігуінен тек пайда көреді. Жедел жәрдеммен келген науқасты невропатолог, кардиолог, хирург, онколог және басқа дәрігерлер бірден қарай алады. Оны бір ауруханадан екінші ауруханаға жібермейді.


ПАЦИЕНТТІ ЖАҚЫН МАҢДАҒЫ СТАЦИОНАРДА ҚҰТҚАРУЫ ТИІС


- Бірақ осы мамандардың барлығы түрлі ғимараттарда және стационарлар ресми біріктірілгеннен кейін ғимараттарды «жылжыту» мүмкін емес қой.

- Облыстық перинаталды орталық облыстық ауруханадан 3 минуттық жерде орналасқан. Тек кардиология орталығы шалғай. Бірақ біз қазір пациенттерді құтқару қызметін, алғашқы медициналық көмек қызметін, соның ішінде, реанимациялық шараларды жақсарту үшін көп жұмыс істеп жатырмыз. Заманауи қабылдау бөлімінің артықшылықтарының бірі -  сұрыптаудың триаж жүйесін енгізу. Яғни, зардап шеккендер мен науқастарды хал-жағдайларына байланысты: шұғыл көмекке мұқтаждарды, шұғыл реанимациялық шаралар жүргізуді, қосымша тексеруді қажет ететіндерді және т.б. бөлу.

Айтпақшы, бізде қазір барлық стационарлар қабылдау бөлімінде реанимациялық көмек көрсетуге бейімделген. Бұрын бұлай болмаған еді. Бұдан басқа, пациентті жедел медициналық жәрдем көлігімен бейінді медициналық мекемеге дейін жеткізуге қойылған шектеу алынып тасталды.

Мысалы, лесхоздық пациенттің жүрегі ауырады. Бұрын жедел жәрдем оны кардиология орталығына апаруы тиіс еді. Алайда жол бойында облыстық аурухана бар. Енді жедел жәрдем қызметі өміріне қауіп төніп тұрғанын көріп, ТКА (тері арқылы коронарлық араласу) орталығы бар жақын жердегі ауруханаға жеткізеді. Осы жерде ангиографпен тексеру жүргізіп, қан ағымын қалпына келтіре алады. Пациенттің жағдайы тұрақталғаннан кейін кардиология орталығына жеткізуге болады.  2007 жылы басталған кардиологияны дамыту жұмыстарына республика қомақты қаржы бөлді. Медицина қызметкерлері оқытылды, құрал-жабдықтар сатып алынды. Әрі қарай, біз бұл қызметті көпбейінді ауруханалар құрамында кеңейтуіміз керек.


«ОЛАР ЕШҚАЙДА КЕТПЕЙДІ»

- Аурухана ұжымдары бұған қалай қарайды?

- Жақсы. Бұрын ынтымақтаса жұмыс істеген кардиологтар мен невропатологтар, онко-гематологтар мен онкологтар да бұл қажеттілікті жақсы сезінеді.

- Ендеше неліктен облыстық кардиология орталығының дәрігерлері бұл өзгерістермен келіспей, біріккен жағдайда кетуге әзір отыр?

- Олар қайда кетеді? Ешқайда кетпейді. Егер ауруханаларды біріктіру нормативтік құжаттарда қарастырылған болса, олар заң бұзушылыққа қалай барады? Қазір салалық мамандардың еңбек нарығы толы. Жеке емханалардың өз дәрігерлері жеткілікті. Хирургқа науқас қабылдап отырудың мәні қандай, бұлай етсе, ол біліктілігін жоғалтады ғой. Бұдан басқа, сирек мамандықтағы «бірен-саран» дәрігерлер, мысалы, эндоскопиялық хирургтар, анестезиологтар 500 мың теңгеге дейін жоғары жалақы алады. Жалпы, біздің дәрігерлердің орташа жалақысы - 280 мың теңге. Кезінде дәрігерлерге төленетін ақыны 10-15 пайызға көтеруді өзім қолға алған едім.


ШТАТ ҚЫСҚАРМАЙДЫ

- Облыстық көпбейінді аурухананы басқару құрылымы қандай болады, жаңа мекемені кім басқарады? Бұрынғы бас дәрігерлер орынбасарлар деп санала ма? Штаттар қысқара ма?

- Еліміздің түкпір-түкпірінен мамандар қатыса алатын конкурс болады. Бірінші басшыға жоғары талаптар: менеджментті, экономика мен қаржылық басқаруды, іскерлік басқаруды, дау-дамайды басқаруды жақсы білуі, көшбасшылық қасиеттері, корпоративтік рухқа адалдығы, бірбеткейлігі болуы керек. Біз қызметкерлерді оқытуды, ұжымды біріктіруді, жаңа технологияларды енгізуді көздейтін адам тапқымыз келеді. Штаттарды қысқарту жоспарда жоқ, дәрі-дәрмектердің, медициналық мақсаттағы бұйымдардың және т.б. орталықтандырылған тапсырысына байланысты шығындар мен уақыт оңтайландырылады.


ОБЛЫСТЫҚ АУРУХАНА ТАЛҒАЙРАҢҒА КӨШЕДІ

Талғайраңдағы көпбейінді облыстық аурухана жобасының нобайы


- Жақын арада Талғайраң ауданынан көпбейінді аурухананың жаңа ғимараты салына бастайды деген ақпарат бар.

- Иә, қазіргі уақытта 400 кереуеттік аурухана құрылысының жобасына жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Өзеннің сол жағалауында Талқайраң ауылының жанынан бізге 9 га жер бөлінді. Жаңа көпбейінді аурухананың құрылысы халыққа бір жерден медициналық көмек көрсетуге, жоғары технологиялық медициналық қызмет түрлерін мақсатты түрде кеңейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, пациенттерді қарау мен емдеудің заманауи технологияларын енгізуге кететін шығындарды айтарлықтай көбейтеді. Клиникалық-диагностикалық емханада істен шыққан және ескірген жабдықтардың орнына барлық қажетті жабдықтар орнатылады. Жобада 18 бөлімше орналасатын бірнеше бес және сегіз қабатты корпустардың құрылысы қарастырылады.

Жоғарыда атап өткенімдей, аурухана құрамына бірнеше стационар, соның ішінде, қазір 3 ғимаратта орналасқан облыстық аурухана кіреді. 1967 жылы салынған бір ғимарат 100 пайызға тозған, екінші ғимарат та жаңа емес - 1998 жылы салынған. Ең соңғы салынған 2002 жылғы ғимарат аурухана балансында қалады. Екінші бөлім - облыстық онкология диспансері. Ол 1973 жылы салынған, қазір толықтай тозығы жеткен. 1954 жылы салынған облыстық кардиология орталығының ғимараты жақында жаңартылды. Қазір аумағынан жаңа ғимарат салынуда. Екі нысан да аурухананың балансында қалады. Облыстық перинаталды орталықтың екі ғимараты да ескірген - ескі ғимарат 100%-ға, екіншісі - 90%-ға. Облыстық тері-венерологиялық диспансердің ғимараты да 1967 жылы салынған. Барлық ғимараттар әзірге біздің басқарманың және қалалық әкімдіктің балансында болады. Әрі қарай оларды қалпына келтіруді жоспарлап отырмыз. Жөнделген ғимараттарда ең алдымен, денсаулық сақтаудың, әрі қарай - әлеуметтік саланың кеңейтілген қызмет түрлері көрсетіледі.

- Tалқайраң орталықтан өте алыста, аурухана қызметкерлеріне, пациенттер мен олардың туыстарына жету қиын болады ғой...

- Дәрігерлердің барлығының дерлік жеке көліктері бар. Біз стационарларды дәрігерлердің мүдделеріне қарай салуға тиіс емеспіз, пациенттер үшін тырысуымыз керек. Бұл жер өзеннің сол жағалауы қарқынды дамып жатқандығы ескеріліп, таңдалды. Бұрынғы Геолог, Бірлік, Ақсай және Ақжар пункттеріне Береке, Жұлдыз-1 және 2, Ақсай-2, Ақжар-2 пункттері қосылды. Талқайраңның жанына 432 тұрғын үй салынды. Қарабатан МӨЗ және басқа өндіріс орындары сол жағалауда орналасқан.


ЖАЛПЫ ПРАКТИКА ДӘРІГЕРЛЕРІ ЖЕТІСПЕЙДІ


- Сіз дәрігерлердің тапшылығы туралы әлденеше рет айттыңыз, енді жағдай өзгерді ме?

- Облыс орталығында салалық мамандар жеткілікті, олар аудандарда жеткіліксіз. Қалада жалпы практика дәрігерлерінің жетіспеушілігі байқалады. Бірақ бұл дәрігерлердің жүктеме нормативінің өзгеруімен де ішінара байланысты болып отыр. Егер бұрын жүктеме 1 жалпы практика дәрігеріне 2500 пациенттен келсе, қазір 1700 пациентке дейін азайды. Тиісінше, учаскелер саны артты. Біз 88 жаңа учаске аштық. 2 жыл ішінде бізге 300 маман келді, биыл тағы да кемінде 150 адам келеді деп күтілуде. Жалпы практика дәрігерлерінің тапшылығын 80 дәрігерден 30-ға дейін азайтамыз деп үміттенеміз.

- Біраз уақыттан бері облыстағы медицина ұйымдарының бухгалтериясын аутсорсингке көшіру процесі басталды. Бұл заңға қайшы емес пе?

- Бұл жерде қайшылық жоқ. Мен мұны айтқым келмейді, бірақ жұмысқа анағұрлым тәжірибелі қаржыгерлерді сырттан тартуға негіз бар. Біздің стационарлардың қаржылық-шаруашылық қызметіне жасалған талдау кейбір ұйымдарда бухгалтерлік процестер «1С Кәсіпорын» бағдарламасының әртүрлі платформаларында жүргізілетіндігін көрсетті. Кейбір ауруханаларда жалақыны есептеу қолмен жасалады, бірнеше медицина ұйымдарында бухгалтерлік есеп ескі тәртіппен, бағдарламалық жасақтама қолданылмай жүргізіледі. Осыған байланысты медицина мекемелеріндегі барлық бухгалтерлік процестерді қысқа уақыт ішінде автоматтандырып, бірыңғай ақпараттық-әдістемелік кеңістік құруымыз керек. Мен бірінші басшы ретінде әр ұйымның қаржылық қызметі үшін жауаптымын. Ал аутсорсингті енгізу - сыбайлас жемқорлықпен күресудің бір тәсілі.

 

«БІЗДЕ ДӘРІ ЖЕТКІЛІКТІ»

- Ал тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміндегі дәрі-дәрмек тапшылығы жөнінде сұрақ қояйын. Пациенттер түпнұсқа препараттардың жоқтығына шағымданады. Ұқсас аналогтар көбінесе жарамсыз немесе жағымсыз жанама әсерлерге әкеледі.

- Бізде дәрі-дәрмектермен 100% қамтылған, тіпті, аздап артылып та қалады. Бұрынғы тәжірибеден айырмашылығы - қазіргі жүйе бір дистрибьюторға сұраным жасауға мүмкіндік береді. 3 күн ішінде, әрі кеткенде бір аптада сұраным өңделеді де, көп ұзамай пациент дәрі-дәрмегін алады. Түпнұсқа препараттардың бағасы қымбат болады, сондықтан да тегін дәрі-дәрмектер тізіміне олар емес, олардың аналогтары кіруі мүмкін. Қазір республикада дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың бағасын реттеу заңмен бекітілген. Сондықтан болашақта баға саясаты жақсарады деп ойлаймын.


АУЫРСЫНУДЫ БАСУ КЕРЕК БОЛҒАНДА

- Паллиативті көмек мәселесі пациенттер мен олардың туыстары үшін өте өзекті...

- Паллиативті көмек (ауыр науқастардың ауырсынуын және ауру азабын жеңілдету -  З.И.) бүгінде Атыраудағы екі: №2 және №4 емханада тәулік бойына көрсетіледі. Балалар ауруханасының және онкология орталығының жанында паллиативті бөлімдер бар. Бірақ олар барлық жерде, барлық стационарлар мен емханалар жанында болу қажет, бөлек хоспис ашуға болады.

Мен жобаларды инвесторларға ұсынамын, біз олардың шығындарын мемлекеттік тапсырыс бойынша жабар едік. Әзірге облыстық ауқымда келіссөздер жүріп жатыр.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суреттерді түсірген автор

3 тамыз 2019, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.