Біздің елімізде денсаулық сақтау саласынан басқа түрлі реформалар жиі жасалатын саланы табу қиын. Бүгінгі таңда қазақстандық медицина қалаларда көпбейінді емдеу мекемелерін құру секілді тағы бір оңтайландыру жолына көшпек. Атырауда бірқатар стационарларды, соның ішінде, облыстық аурухана, облыстық перинаталдық орталық және кардиология орталығын біріктіру жоспарланып отыр.
Бұл «азаматтық» қызметкерлер санын барынша азайтып, әкімшілік шығындарды оңтайландыруға мүмкіндік береді деген болжам бар.
Бұл орайда түрлі мамандықтағы дәрігерлер бір ауруханада жұмыс істейді, түрлі сырқаттарға диагностика жасау және емдеу үшін қажетті бүкіл жабдықтар бір жерге шоғырланады деген уәж де айтылады.
Осылайша, пациенттер бір мекемеден әртүрлі медициналық қызмет түрін ала алады. Ауруханаларды біріктіру әкімшіліктерді, зертханаларды, тамақтану блоктарын біріктіруді көздейді. Бұл тағы да медициналық қажеттіліктерге ғана жұмсауға болатын қаржыны үнемдеуге мүмкіндік береді.
Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ бірігу аумақтық белгі бойынша жүзеге асатынын, бір аумақтағы стационарлар бір жерден басқарылып, цифрландыру арқылы шығындар оңтайландырылатынын немесе сабақтас саладағы стационарлардың, мәселен, перзентхана мен балалар ауруханасының біріктірілетінін атап өтті.
«ҚАҒАЗ ЖҮЗІНДЕ - ОҢАЙ»
Кей өңірлерде бұл процесс басталып кетті, ал Атырау ауруханаларының директорларына әзір болу керектігі айтылған. Олар «АЖ»-ға кезекті оңтайландыруға қатысты өз пікірлерін айтқан еді.
- Кезінде жағдайы күрделі жүкті әйелдер мен балаларға көмек көрсету үшін мамандандырылған перинаталдық орталықты құру үшін көп күш жұмсалды. Арнайы жабдықтар сатып алынды, кадрлар даярланып, оқытылды. Ал қазір басқа процесс жүріп жатыр – енді көпбейінді ауруханаларға көңіл бөлінуде. Бұл негізі жақсы идея. Мысалы, егер бізге жүрегіне қатысты проблемасы бар жүкті әйел түссе, онда кардиолог қасымызда болады, - дейді облыстық перинаталды орталықтың директоры Қуаныш НЫСАНБАЕВ. – Алайда, бірнеше кемшілігі бар. Кардиологтарға өз жұмыстарын толыққанды орындау үшін кардиология орталығындағы кәсіби жабдығы қажет. Аумақтық тұрғыда біз кардиология орталығының ғимаратынан едәуір қашық орналасқанбыз. Ал құжат түрінде біріктіру бұл қашықтықты азайтпайды. Егер ғимараттар бір аумақта болса, онда біздің қызметтерді біріктіру туралы ұсыныс ешқандай сұрақтар тудырмас еді. Сондықтан біз қазір атқарып жатқан жұмыстарымызды жалғастырамыз. Қажет болған жағдайда біз кардиология орталығының, облыстық аурухананың мамандарын кеңес алу үшін шақырамыз. Егер аппараттармен және қондырғылармен қосымша тексеру қажет болса, онда әйелдерді сол жерге арнайы көлікпен апарамыз.
Перинаталдық орталық басшысының пікірінше, екінші кедергі - бізде бірыңғай әкімшілік кешенге жинақталған бірнеше бөлімшелерді біріктіретін және басшылық ететін тәжірибелі менеджерлер жоқ. Стационарларды біріктіру бойынша пилоттық жобалардың басталғанына бір жыл да болған жоқ. Сондықтан жинақталған тәжірибе туралы әңгімелеу әлі ертерек. Үшіншіден, аумақтық жағынан да, бейіндік тұрғыдан да сай келмейтін стационарларды біріктіру қағидасы түсініксіз.
- Облыстық аурухананың жанында қан орталығы, онкология, тері-венерологиялық диспансер бар. Ғимараттардың бәрі жақын жерде орналасқан. Оларды біріктіру қисындылау болар еді. Егер облыстық ауруханада бос орынжай болса, неліктен тұрғындарға қызмет көрсету үшін өзінің акушерлік блогын ашпасқа? Ал бізді «Ана мен бала» бейіні бойынша қалалық перзентханамен және облыстық балалар ауруханасымен біріктіруге болады, - дейді Нысанбаев.
БҰЛ КАРДИООРТАЛЫҚҚА ҚАЖЕТ ПЕ?
Облыстық кардиология орталығының директоры Марат ҚОНЫСОВ біріктіру идеясына сақтықпен қарайды. Ол оңтайландырудың орталықтың жолға қойылған жұмыс процесіне кедергі келтіруі мүмкін екендігіне алаңдайды. Өйткені орталықтың қалыптасуына көп жылдар, күштер мен ресурстар жұмсалған болатын.
- 2007 жылдан бастап облыстың кардиология қызметін құрдық: мамандарды оқытып, жабдықтар сатып алдық, жағдайды оңалттық. Кардиохирургияда, интервенциялық кардиологияда, жалпы жүрек-қан тамырлары медицинасында қазір тек жоғары технологиялар ғана қолданылады. Біз жұмыс істеуді өзіміз үйреніп қана қоймаймыз, біздің соңымыздан пациенттің өмірі мен денсаулығы үшін күресте алдыңғы қатарда болатын бастапқы звено ереді. Оңтайландыру және одан кейін жалғасатын жаңа тәсіл саланың дамуын бәсеңдетуі мүмкін, - деп есептейді Қонысов. Ең қорқыныштысы - орталықтан керемет мамандар кетіп қалуы мүмкін. Ал оларды дайындауға қаншама уақыт пен қаржы жұмсалды. Бүгінгі таңда Атыраудағы кардиология орталығының мамандары еліміздегі ең үздік мамандардың қатарында.
Екінші мәселе – қаржыландыру. Орталық жұмыс істейтін жол картасы денсаулық сақтау құрылымындағы көшбасшылардың бірі. Өйткені кардиология қызметі медицинаның өте қымбат саласы - ол жоғары технологиялық қызметтер көрсету үшін облыстық стационарларға бөлінген қаражаттың 80%-ын игереді. Жүректі қайта синхрондау имплантациясы бойынша ота жасаудың орташа құны 4,5 млн теңге. Коронарлық шунтирлеу операциясы 2 млн 200 мың теңге тұрады. Шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын (КМК-дан ШЖК-ға) мәртебесіне қарамастан оның мамандары ақылы қызметпен айналысуға үлгере алмайды.
Бұдан басқа, емхана жүрек құрылғыларының барлық түрлерімен дерлік имплантациялау операцияларын жасайды. Тәулік сайын коронарлық артерияларды стенттеу операциялары жасалады. 99% жағдайда аурухана ТМККК аясында мемлекеттік тапсырысты орындайды. Көпбейінді мекеменің жалпы құрылымында оның қалай қаржыландырылатынын әзірге ешкім айта алмайды. Мұндай кәсіпорынды - директорлар кеңесі басқара ма, әлде басшының бос лауазымына конкурс жариялана ма, ол да белгісіз. Ұжымда жаңа формада жұмыс жасау жөнінде талқыланбаған, бірақ оңтайландыру бойынша қадамдар жасалуда.
- Бухгалтерияны аутсорсингке беру процесі басталып кетті, оның әкімшілік ықпалмен жасалып жатқаны айқын. Өз қызметтерін ұсынып, қызығушылық танытқан адамдар тез пайда болды. Шапшаңдары өзінің бүкіл бухгалтерлік аппаратын қысқартып, есеп беріп тастады. Ал мен бұл үдерісті ерте деп санаймын, өйткені іскерлік тұрғыда сауатты әкімшілендіру үшін тек бухгалтерияны ғана емес, біздің жұмысымыздың ерекшелігін де білу қажет. Біз кәсіпорынды мемлекеттік-жеке әріптестікті дамыту шеңберінде сенімді басқаруға беру жөнінде қарсы ұсыныс жасадық. Тек процедура ашық болсын. Оңтайландыру бойынша жасалған өте маңызды қадам - шығынды ұйымдар мен кәсіпорындарды жою. Бірақ біздің кәсіпорынның табыстылығы өте жоғары. Осыған байланысты біздің орталық өзінің төңірегіне тиімсіз ұйымдарды, мүмкін, емханаларды біріктіріп, көпбейінді кәсіпорын құра алар еді деп ойлаймын. Бұл үшін бізде жағдай да, жабдықтар да бар, біз қашан да көпбейінді хирургиямен айналысқанбыз, - дейді Марат Қонысов.
Болашақ оңтайландыру аясында құрылысы былтыр басталған кардиология орталығының жаңа ғимаратының тағдыры да бұлыңғыр көрінеді. Әуел бастан-ақ ғимарат кардиохирургия үшін ғана берілуі керек еді. Осыған байланысты жүрек-қан тамырлары хирургиясын дамытуға арналған арнаулы техниканы сатып алу қарастырылды.
Бірақ менің сұхбаттасушыларымның пікірінше, ең бастысы – оңтайландырудың жаңа процесі қандай пайда әкелетінін ешкім егжей-тегжейлі терең зерттемеген. Өзгерістердің әрдайым пайда әкеле бермейтінін бұдан бұрынғы тәжірибелер де көрсетіп отыр. Кейде жүйе мүлдем жаңа бағыт алып, бастапқы нүктеге оралып жатады. Отбасылық-дәрігерлік амбулатория жүйесі енгізілген кезде де педиатрлық бөлімшелер жабылған еді. Біздің медицинаның бұл жерде батыстың көпбейінді медициналық холдингтерін үлгі ретінде ұстануы орынсыз. Олардың халықаралық стандарттағы қуатты инфрақұрылымы бар заманауи орталықтардың базасында құрылатынын ұмытпаған жөн. Бізде мұндай орталықтар саусақпен санарлық және олар Астана мен Алматыда орналасқан.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк АЙМҰРЗИЕВА қазір еңбек демалысында, ал ол жоқта облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар еш нәрсеге түсінік бермеді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор