АҚШ президенті Дональд Трамп Құрама Штаттар 1 қыркүйектен бастап Қытайға құны $ 300 млрд. болатын тауарларға 10% көлемінде жаңа баж салатынын мәлімдеді.
«Қытаймен сауда келіссөздері жалғасуда және осы келіссөздер кезінде АҚШ 1 қыркүйекте Қытайдан келген қалған тауарлар мен өнімдерге $300 млрд. сомаға 10% көлемінде шағын қосымша баж салығын енгізетін болады», – деп жазды Трамп Twitter парақшасында. Оның айтуынша, жаңа шешім осыған дейінгі күшіне енген құны $250 млрд. болатын тауарларға 25% көлемінде қолданыстағы бажды қамтымайды.
АҚШ президенті Қытай Құрама Штаттардан ауыл шаруашылығы өнімдерін көп мөлшерде сатып алмағанын және АҚШ-та жыл сайын мыңдаған адамның қайтыс болуына әкеп соғатын фентанил опиоидты препаратын сатуды тоқтатпағанын да айтты. Ақ үй басшысы Қытаймен жан-жақты сауда келісімі бойынша диалогтардың өз жалғасын табуы мүмкін екенін айтты.
ҚХР мен АҚШ бірнеше ай бойы сауда дауларын реттеу туралы келіссөздер жүргізді. Келіссөздердің соңғы (11-ші) раунды мамырда Америка астанасында өткен. Алайда осыдан кейін екі ел байланысы бұрынғыдан да ушыға түсті. 10 мамырда Уашингтон $200 млрд сомасына Қытай өніміне қосымша баж салығын енгізіп, жалпы мөлшерлемені 10%-дан 25%-ға дейін көтерді. Маусымның басында Қытай үкіметі $60 млрд АҚШ-тың 5 мыңнан астам тауарларына қарсы баж салығын енгізген.
28-29 маусымда Осака қаласында өткен жиырмалық (G20) саммитінде АҚШ президенті Трамп пен Қытай төрағасы Ши Жиңпиңнің кездесуі барысында қос тарап консультацияларды қайта жаңғырту туралы шешімге келген. Америкалық көшбасшы Қытайдан келген тауарларға жаңа тарифтер енгізбеуге, сондай-ақ Huawei компаниясының қызметіне шектеулерді жеңілдетуге уәде берді. Оған жауап ретінде Бейжің Құрама Штаттардан ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу көлемін арттыруға дайын екенін айтқан. Дегенмен, шетелдік басылымдарда жазылғандай, Қытай тарабы өз уәдесін толықтай орындамаған.
Дереккөз: qazaqtimes.com