30 шілдеде түнде Атырауда полицейлер Жайықтан жүзіп өтпек болған мас күйдегі ер адамды құтқарып алды.
Полицей патрулі «Ретро парк» жақтан орталық көпірге қарай кетіп бара жатқанда, Жилгородоктағы «Малибу» жағажайы маңындағы өзеннен бір адамды байқаған.
Олар ер адамнан жағаға шығуды сұрағанда, ол бас тартып, қарсы жағалауға жүзіп өтуге тырысқан.
- Түн қараңғылығында ештеңені айыру мүмкін болмады. Тек айқайлаған дауысынан ғана суда ер адам бар екенін түсіндім, - деп әңгімелейді қатардағы полицей Орынтай ХУРЕСОВ. – Нұсқаунама бойынша біз алдымен құтқарушыларға хабардар етуге тиіспіз. Біз солай жасадық. Мен өзім балықшылар мекендейтін Дамбы ауылынанмын, сондықтан да суда жақсы жүземін. Серігім – сержант Жамбыл ТҰРЫМБЕТОВТЕН көліктен құтқару жиынтығын алып келуді өтіндім. Жамбыл жилетті киюге көмектесіп, мен ер адамға жүзіп барып, оны жағалауға шығарып алдым.
Наркологиялық куәландыру судан құтқарылған 32 жастағы қала тұрғынының мас күйде болғанын көрсетті. Полицияда оған ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 440-бабы (Қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе масаң күйде келу) бойынша хаттама толтырған.
Естеріңізге салсақ, жыл басынан бері Атырау облысында 12 адам суға кеткен, оның үшеуі мас күйде болған.
Фархат ӘБІЛОВ