Атырау, 24 қараша 13:50
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

​Қырылған балық туралы сот ісі: Хлорлауды кім тексерді?​

Сурет Бейнежазба
3 409 просмотра


№2 қалалық сотында өткен жылдың желтоқсан айында Жайық өзеніндегі балықтардың жаппай қырылуы бойынша сот ісі жалғасуда. Соңғы отырыста куәгерлер ретінде «АтырауСуАрнасы» (АСА) КМК ауысымының шебері Геннадий АСТАХОВ пен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің химия және экология кафедрасының меңгерушісі Гүлжамал ЕЛЕМЕСОВАНЫ тыңдады.

- Мен АСА-да 2007 жылдан бері жұмыс жасаймын. Бастапқыда машинист болып еңбек еттім, кейін ауысым шебері болдым. Мен бүкіл жабдықтарға бақылау жасауға міндеттімін және «АтырауСуАрнасы» КМК-де жұмыс жасайтын адамдар үшін жауаптымын, - деп әңгімелейді Астахов. – Егер әлдебір ақауды байқасам, резервтік жабдыққа көшуге тиіспін. Әр учаскеде резерв бар.

- Су тазарту құрылғыларының (СТҚ) есептегіштеріне кім бақылау жасайды? – деп сұрады прокурор Жақсылық СИКИМОВ.

- Машинистер журнал жүргізеді, оған қысым бойынша жазбаларды енгізеді. Кімнің бақылау жасайтынын білмеймін. Мен тек сумен жұмыс істеймін. Реагенттерге  зертхана бақылау жасайды. Егер суда хлор жеткіліксіз болса, онда мен зертханашымен бірге мөлшерлегішке барып, себебін анықтаймын. Мөлшерлегіште манометр тұрады.



Прокурор мен зардап шегуші тарап өкілі «АтырауСуАрнасы» КМК қызметкерлерінің кейде хлор есептегішті ажыратып тастайтындарын мойындауын талап етті. Алайда Астахов бұл туралы ештеңе білмейтінін айтты.

- Бір ауысымда сұйық хлор қанша рет қолданылады?

- Әр түрлі. Жазда өзенде жасыл-желек көп болғандықтан көбірек, қыста - аздау қосамыз. Күзде сұйық хлордың бір баллоны бір айға жетеді.

- Маған бастапқы хлорлау құдықта жасалатыны белгілі. Осы кезде сұйық хлор беріледі. Қайталап хлорлау да осы баллонмен жасалады, - деп оның сөзін түзетті прокурор.

- Процесс мынадай: хлорлы баллон бар, оның ішіндегі температура - 36 градус. Біз кеңейткіш бакты ашып, жұмыс қысымын - 0,8 Па-ға келтіреміз. Әрі қарай қысым кеңейткіш багынан мөлшерлегіштер тұрған үшінші қабатқа түседі. Содан кейін зертханашы бірінші станцияға - құдыққа қосу керек дейді. Бір сағаттан кейін қысымның қалпына келгенін тексереді.

Астаховпен әңгімелесу барысында прокурор «АтырауСуАрнасы» КМК-де ауыз суды дезинфекциялау тиісті түрде жүргізілмегенін мәлімдеді.

- Станцияда мөлшерлегіш нешеу?

- 8.

- Қараша айында қандай реагенттер қосылды?

- Күкіртқышқылды алюминий. Колбаның көмегімен Жайықтың лайлылығын анықтаймыз. Содан кейін көрсеткіштердің негізінде су ерітіндісі жасалады. Содан кейін тұндырғыларда таза сумен шаямыз.

- Тек сумен бе? – деп қайта сұрады мемлекеттік айыптаушы.

- Егер су лайланса – төрт тұндырғының (көлемі 800 текше метр – Ф.Ә.) біреуін тоқтатамыз да, кәріз жүйесін ашамыз. Бригада құрылады. Шайылады. Барлығы шайылған кезде - үштен бір бөлігі жиналады. 300 граммдай кальций гидрохлориді қосылады.

- 800 текше метрге тек 300 грамм ба?

- Иә, бұл жеткілікті. Ол 4 сағат тұрады, содан соң қайтадан тексереміз. Егер бәрі жақсы болса, жұмысты бастаймыз. Әрі қарай су тұндырғыдан сүзгіге, содан кейін бірнеше станция арқылы қалаға жіберіледі.

- Тағы қандай реагенттер қолданасыздар?

- Сұйық хлор және күкіртқышқылды алюминий. Басқа ештеңе қолданбаймыз, - деп сендірді Астахов.

Бірақ прокурор оның жауабына қанағаттанбады.

- Сіз әдейі осылай жауап беріп тұрсыз ба, әлде ұмытып кетесіз бе? Кальций гидрохлоридін, белсендірілген көмірді қолданасыздар ғой, - деді ашуланған прокурор есіне салып.

- Ұнтақ хлор мен аналитті қолданасыздар ма?

- Аналитті бұрын қолдандық, бір жарым ай бұрын ғана тоқтаттық.


Судья Дәуренбек ДАУМОВ

Астахов тағы бірнеше сұраққа жауап бермеді, сондықтан судья Даумовқа ескертуге тура келді.

- «АтырауСуАрнасы» КМК Жайық өзеніне көп мөлшерде хлор тастаған дейді. Сіз бұл туралы не ойлайсыз? - деп сұрады зардап шеккен тарап «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-нің өкілі Астаховтан.

- Мен ештеңе білмеймін. Бірақ бұл техникалық тұрғыдан мүмкін емес. Реагенттер Жайық өзеніне түспес бұрын бірнеше рет тексеріледі. Тексерушілердің (олардың кім екенін Астахов ақыры айтпады - Ф.Ә.) бұған жол беруі мүмкін емес.

- Суда хлор өте көп болса не болады?

- Әрине, суды ішкендер тұншығып қалады.

Келесі күні сотта куәгер ретінде АМУ жанындағы химия және экология кафедрасының меңгерушісі Гүлжамал ЕЛЕМЕСОВАДАН жауап алынды. Оған реагенттердің бір-бірінен қалай ерекшеленетінін және олардың суда қалай әрекет ететінін түсіндіруге тура келді. Сотта оның жауаптарын қатысушылар химия пәнінің дәрістері ретінде тыңдады.

Сот процесі 5 тамызда жалғасады.



Сот отырысында сот процесіне бақылау жасаған атыраулық құқыққорғаушы Әсел НҰРҒАЗИЕВАНЫ кездестірдім.

- Өзенде балық қырылған кезде дабыл қағып, әлеуметтік желілерде ашулы посттар жазған жандар қайда? – деп атап өтті ол.

Шынымен де, судья Дәуренбек ДАУМОВ сот процесін ашық деп жарияласа да, оған журналистерден басқа жұртшылықтың ешқайсысы келмейді. Бәлкім, Жайықта балықтың не үшін қырылғаны енді ешкімге қызық болмай қалған шығар.



Фархат ӘБІЛОВ

Суреттерді және бейнежазбаны түсірген автор

1 тамыз 2019, 11:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.