Ресей тергеу комитеті Мәскеуде 27 шілдеде өткен наразылық акциясына байланысты қылмыстық іс қозғағанын хабарлады. Комитеттің 30 шілдеде таратқан ақпаратында "билік өкіліне күш көрсету", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру және оған қатысу" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалғаны жазылған. Ол баптар бойынша 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
27 шілдеде Мәскеуде қалалық дума сайлауына түскісі келетін тәуелсіз кандидаттарды қолдау акциясы өтті. Ресей ішкі істер министрлігінің дерегінше, оған 3500 адам қатысқан. Ал "ОВД-Инфо" құқық қорғау порталы шеруге қатысқандар саны бұдан көп деп хабарлаған.
Құқық қорғаушылар акция барысында 1373 адам ұсталғанын, оның 43-і - кәмелетке толмағандар екенін айтады. Ал ішкі істер министрлігі 1074 адам ұсталды деп хабарлады. Бақылаушылар полиция қызметкерлері шерушілерге қарсы күшті асыра қолданып, жөн-жосықсыз резеңке таяқпен ұрғанын айтады. Жетпістен аса адам жарақаттанған.
Еуропа одағы мен Amnesty International құқық қорғау ұйымы Мәскеудің наразыларға асыра күш қолданғанын сынап, күштік құрылым өкілдерінің іс-әрекетін тергеуді талап еткен.
Дереккөз: Азаттық радиосы