Дүйсенбі, 29 шілдеде АҚШ конгрессінің бірнеше мүшесі президент Дональд Трампты Мәскеуге санкция салуға шақырды. Ресейдің бұрынғы әскери агенті Сергей Скрипаль мен оның қызын улау әрекетін еске салған олар, АҚШ заңына сәйкес, тыйым салынған затты пайдаланғандарға санкция қарастырылғанын айтады.
Өкілдер палатасының халықаралық істер жөніндегі комитеті басшысы демократ Эллиот Энгел мен республикашыл Майк Макколдың Трампқа жолдаған хатында, 1991 жылғы "Химиялық және биологиялық қаруды жою мен бақылау туралы" заңға сәйкес, санкцияның алғашқы кезеңі жарияланғаннан кейін үш айдан соң екінші кезеңі енгізілуі тиіс екенін жазған.
Скрипальдерді улауға байланысты АҚШ Кремльге қарсы 2018 жылы тамыз айында санкция енгізген. Оның аясында АҚШ-тан 60 ресейлік дипломат шығарылып, Ресейдің Сан-Францискодағы елшілігі жабылған, Ресейге кей технологияларды беруге тыйым салынған. Бұған қоса Бұдан соң Кремль 90 күннің ішінде химиялық қару қолданбайтынын дәлелдеп, химиялық және биологиялық нысандарына инспекторларды кіргізуі тиіс еді. Олай болмаған жағдайда, заң бойынша Ресейдің қаржы жүйесі, сауда және дипломатиялық қарым-қатынасына әсер ететін мұнан да қатаң санкция енгізілуі тиіс. Бірақ Ресей бұған әлі жауап берген жоқ.
2018 жылы 4 наурызда Ұлыбританияның Солсбери қаласында Ресей әскери барлау қызметінің бұрынғы агенті Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлия Скрипаль ес-түссіз күйі табылған. Ұлыбритания билігі олардың "Новичок" уынан зардап шеккенін мәлімдеп, екеуін "қастандықпен улады" деп Ресейді айыптаған. Әкелі-балалы Скрипальдер ауруханада ұзақ уақыт емделіп аман қалған.
Ағылшын билігі Скрипаль мен қызын Ұлыбританияға "Александр Петров" және "Руслан Боширов" деген адамдардың атына жазылған құжатпен барған Ресей әскери барлауының екі агенті улаған деп мәлімдеген. Bellingcat зерттеу тобы "Петровтың" шын аты-жөні Александр Мишкин, ал "Бошировтың" аты-жөні Анатолий Чепига деп санайды.
Дереккөз: Азаттық радиосы