Сібір тұрғындары биліктен тайгадағы өрт ошақтарын тез арада жоюды талап етеді. Change.org сайтында өрттің жайылуын тоқтатуды талап еткен петицияға 600 мыңнан аса адам қол қойған.
Ресейдің Иркутск облысы мен Краснояр өлкесінде және өзге де жақын маңдағы облыстарда орман өртеніп жатқанына бірнеше апта болды. Өрттен шыққан көк түтін Повольжя мен Қазақстанның шекарасына да жеткен.
Петиция авторлары төтенше жағдай режимі енгізілсе өртті сөндіруге қаржы мен қосымша құрал-жабдықтар және құтқарушылар жіберуге мүмкіндік болады, бұған қоса төтенше жағдай енгізу өртті сөндіруге жауапты адамдарға үлкен жауапкершілік жүктейді деп санайды.
Сібірдегі өрт бірнеше апта бұрын 11 миллион гектарға созылған бақылау аймағы деп аталатын өңірден басталған. Ресей билігі өртті сөндіруге кеткен қаржы одан келетін шығын көлемінен артық болады деген уәжбен өртті сөндірмеу туралы шешім қабылдаған. Тек өрттің елді мекендерге жайылуына жол бермеуді тиісті орындарға тапсырған. Алайда өрт енді елді мекендер жаққа қарай ойысып жабар қатқаны туралы хабарланып отыр.
Ормандағы өрт салдарынан Сібірдің барлық аумағын бір аптадан бері түтін басқан. Тұрғындар ауада түтін иісі барын айтады. Билік "өрттен ешқандай қауіп жоғын", алыс жақтағы ормандағы өртті сөндіру экономикалық тұрғыдан тиімсіз және техникалық жағынан күрделі айтады.
Дереккөз: Азаттық радиосы