Жыл басынан бері Атырау полициясының іздестіру бөлімі хабар-ошарсыз жоғалған 27 адамды іздеп тапты. Осы фактілердің әрқайсысының өз хикаясы бар. Бірден табыла қоятын, ал кейде бірнеше жылға созылатын сәтсіз іздестірулер де болып жатады...
Өткен аптада 25 жастағы ұлының жоғалғанын мәлімдеген көршілес Ақтөбе қаласының тұрғыны Алтынгүл ҚОҢЫРОВА Атырау полициясына жүгінді.
Сәуірде ол туыстарына Атырауға барып жұмыс жасайтынын айтып, үйінен кетіп қалған. Бір айдан кейін хабарласуды қойып, қоңырауларға жауап бермеген. Анасы өзін қоярға жер таппай, достарына, таныстарына хабарласқан, бірақ одан еш нәтиже болмайды. Сөйтіп анасы Атырауға келіпті.
- Ұмытпасам ол Теңізде жұмыс істемек болған. Бірақ вахталық ауылда ондаған мың адам тұрады екен, ал мен оның қандай компанияға жұмысқа тұрғанын да білмеймін. 24 шілдеде полицияға жүгіндім, келесі күні таңертең мені Теңіздегі полиция бөлімшесіне шақырды, - дейді Алтынгүл. Полицейлер оның ұлын тауыпты - ол шынымен Теңізде жұмыс істейді екен. Жігіттің айтуынша, үйінде ешқандай жанжал болмаған, тек «тәуелсіз өмір сүргісі» келген екен. Дегенмен, арасында амандығын білдіріп, үйімен хабарласып тұруға болмай ма?!
- Полиция онымен түсіндіру әңгімесін өткізді, ол қазіргі вахтасы біткен соң үйіне баруға уәде берді, - деп хабарлады Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінде.
Бұл хикаяның соңы азды-көпті жақсы аяқталды. Ал Атыраудың қазіргі тұрғыны Ләйла РЫСПАЕВА 2015 жылы жоғалып кеткен інісін 4 жылдан бері іздеп жүр. Бұған дейін ол Ақтөбеде іздестірілген, өйткені 28 жасар Жасұлан ТӨРЕМБЕТОВ жоғалып кеткен кезде сол жақта тұрған.
Бірақ осы жылдың мамыр айында қала маңындағы Бесікті ауылына табиғат аясына демалуға шыққан жастар тобы бұта арасынан үсті-басы кір, жалаңаяқ, шақырғанға қарамаған жас жігітті көреді. Жастар оған су бермек болады. Ол баклажкадан су іше алмапты. Әдеттегідей, демалушылар бейтаныс жігіттің әрекетін телефондарына түсіріп алып, бейнежазбаны әлеуметтік желілерге жүктеген. Ал Ләйла Жасұланды бірден таныпты.
- 15 жасқа дейін ақыл-есі дұрыс бала еді, бірақ кейін психикалық ауытқушылыққа шалдықты. Бірнеше рет ауруханаға жатқызылып, емін алды. 2015 жылы Ақтөбеде үйде ешкім болмаған кезде шығып кетіп, қайтып оралмады. Жер-жерден іздедік, бірақ нәтиже болмады. Сөйтіп жүргенде анам екеуміз оны әлеуметтік желілерден көрдік, - деп әңгімелейді Ләйла Рыспаева көзіне жас алып. – Анам сол бойда Атырауға барып, інім қой бағып жүрген үйді тауып алды. Бірақ үй иесі Жасұланның орнына өзінің ұлын көрсетіп, бейнежазбадағы ұлы екенін айтты. Бірақ оның баласы есі дұрыс, жақсы киінген, бейнежазбадағы қой бағушыға мүлдем ұқсамайды. Біз үй иесіне, егер ол бізге Жасұланды берсе, біз полицияға хабарламайтынымызды айттық. Бірақ ол өз дегенінен қайтпады. Осыдан кейін полицей үйді тексеріп шықты, бірақ ешкімді таппады. Ал көршілері бұл үйде оғаш қылықты жігіттің болғанын айтады, тіпті, сол екенін суреттен де таныды. Енді іздеп жүрміз.
3 ай өтті, қылмыстық іс қозғалмады. Ләйла бейнежазбадағы өз інісі екеніне сенімді және ол полицияның көмегімен немесе көмегінсіз Жасұланды табуға үміттенеді.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор
Әлеуметтік желілерден алынған бейнежазба