Бір ай бұрын әскери қоймалар жарылған Арыс қаласының 90 баласы қала шетіндегі Бесікті ауылында орналасқан «Тұлпар» жазғы лагерінде демалып жатыр. Олардың алғашқы легі – 41 бала 14 шілдеде келсе, қалғаны 28 шілдеде Атырау жеріне аяқ басты. Екі топ та осында бір ай болады.
Алыстан келген балалардың жағдайымен танысу үшін Тұлпар лагеріне жергілікті кәсіпкерлер, қоғам өкілдері, білім беру басқармасы қызметкерлері келді.
«Алыстан 6 жасар бала келсе алпыстағы қарт сәлем береді» деген бар. Арыстағы жағдайды естігенде біздің де қабырғамыз қайысты. Атыраулықтар сіздердің жақсы демалуларыңызға, жазды жақсы өткізулеріңізге жағдай жасайды, - деп атап өтті кездесуде сөз алған «ТНС групп» ЖШС өкілі Нұрпейіс МАҚАШЕВ.
- Лагерьде балаларға бес мезгіл тамағы және әр күнге әр түрлі спорттық ойын сауықтық бағдарламалар ұйымдастырылады, - дейді «Геолог Қазақстан» емдеу-сауықтыру пансионатының директорының орынбасары Шолпан ЕСҚАЛИЕВА.
Дидар:
- Атырауға біз қарындасым екеуміз келдік. Отбасымызда әкем, анам төртеуіміз тұрамыз. Әкем таксиші, анам базарда сатушы. Жарылыс болған кезде үйде қарындасым екеуіміз қалған едік. Қатты қорықтық. Әке-шешеміз үйге жетіп, құжаттарымызды алып, Қазықұртқа қаштық. Ол жақтағы ағайындар бізге көмектесті. Осы жерде де адамдар көмектесіп жатыр. Барлығына рахмет. Бұл жақта көптеген достар таптым. Атыраудағы биылғы демалыс ешқашан естен кетпейтін шығар.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті және бейнежазбаны түсірген автор