«Нелегал» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Атырау облыстық Полиция департаментінің көші-қон қызметінің қызметкерлері ҚР-да болу ережелерін бұзған 500-ден астам шетелдік азаматты анықтады. Олардың 14-і сот шешімімен елден шығарылды.
Атап айтқанда, полицейлер қала шетінде 3 қабатты жатақхана салып жатқан Өзбекстанның 15 азаматын ұстады. Оларға қатысты ҚР Әкімшілік кодексінің 517-бабы 5-тармағы (Шетелдіктің жұмысқа орналасуға рұқсатсыз Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жүзеге асыруы) бойынша хаттамалар толтырылды. Бұдан басқа, жұмыс беруші 126 мың теңге көлемінде айыппұл төлейді.
Қазақстанда болу ережелерін бұзған Өзбекстанның 10 азаматы қала маңындағы шаруа қожалықтарының бірінен анықталды. Шаруа қожалығының басшысына айыппұл салынды. Ал жалпы жедел-профилактикалық іс-шараның нәтижесінде шетелдік жұмыс күшін - негізінен Өзбекстан азаматтарын заңсыз тартқан 43 жергілікті жұмыс берушіге айыппұл салынды.
Фархат ӘБІЛОВ