Атырау облысында Жайық жағалауын қоқыстан тазарту мақсатында #Birge #TazaQazaqstan экологиялық акциясы өтті. «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында өткен сенбілікке банктердің бірінің қызметкерлері, балық аулау кооперативтерінің мүшелері және резерват инспекторларымен бірге «АЖ» тілшісі де қатысты.
Резерват аумағы бос темекі қораптары, бөтелкелер мен баклажкаларға толы екен.
- Негізінен бұлар жақын маңдағы елді мекендердің қоқыстары, оларды бұл жерге жел ұшырып әкеледі, - дейді «Ақжайық» МТР қызметкері Ислам ҚАДЫРБАЕВ. – Біздің қызметкерлер бұл жерді күн сайын жинайды. Бұдан басқа, биыл резерватта әуесқойлықпен балық аулауға рұқсат берілді, балықшылардан да қоқыстар қалып жатады.
- Қоқыс үшін оларға айыппұл саласыздар ма?
- Жоқ, егер адамның қоқыс тастағанын көрсек, ескертеміз. Егер біз жоқ кезде қалдырса, жинаймыз.
Балық жүретін канал жағасында ондаған әуесқой балықшы отыр. Сенбілікке қатысушылар олардан қоқыс тастамауды өтінді.
- Осы жердегі құстар үшін бақылау камералары орнатылғанын білесіздер ме? Сондықтан абай болыңыздар, - дедім салмақты түрмен. Балықшылар мұның әзіл екенін ақыры түсінбеген сияқты.
- Соншалықты үлкен аумақ емес сияқты, бірақ қоқыс толы, - деп таң қалды банк қызметкері. - Бұл жерде әр апта сайын сенбіліктер өткізіп тұру керек.
Бұл күні резерваттан шамамен 3 тоннадай қоқыс жинадық, негізінен бұлар тұрмыстық қалдықтар. Ал жалпы, 8 мыңға жуық адам қатысқан Атыраудағы экологиялық науқан барысында 17 тонна тұрмыстық қалдық жиналды.
«#Birge #TazaQazaqstan экологиялық сенбілігіне тек бір күн ішінде 190 мыңнан аса қазақстандық қатысты. Тазартылған алаңның жалпы көлемі 4017 гектар. Жаппай демалыс орындарында және жағалау аумақтарында 15 044 тонна қоқыс жиналып, сұрыпталды», - деп жазды ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм МЫРЗАҒАЛИЕВ Twitter-дегі парақшасында.
Фархат ӘБІЛОВ
Суреттерді және бейнежазбаны түсірген автор